$488.53 €531.91 ₽5.68
×

Антикор Қарағанды облысында ақаулары бар нысандарды пайдалануға беру фактілерін анықтады

AstanaTV
11.02.2025ж. 00:04
466
Антикор Қарағанды облысында ақаулары бар нысандарды пайдалануға беру фактілерін анықтады

Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім болды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Қарағанды облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу мониторингі барысында ақаулары бола тұра объектілерді пайдалануға беру фактілері анықталды.

Мәселен, әкімдік «Қарағанды – Шахтинск – Есенгелді – Қайнар – Нұра» жолында жөндеу жұмыстарын қабылдаған, олар бойынша Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының филиалында жол жамылғысы бойынша ескертулер болған.

Мұндай фактілерді болдырмау үшін Антикор тапсырыс беруші мен мердігердің жол сапасы сараптамасының нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою міндетін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды.

Сонымен қатар, ықтимал ақауларды болдырмау үшін арнайы құрылған мониторингтік топ жүргізілетін жол жұмыстарының сапасын зерттеді (мониторинг облыстың 8 жолында, оның ішінде «Қарағанды-Балқаш» – 362 км, «Балқаш – Бурылбайтал» – 50 км).

Мысалы, «Қарағанды-Балқаш» жолын қайта жаңарту кезінде мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейтін қиыршық тасты қолдануға жол берілмеді. Мердігердің есебінен құрылыс материалы ауыстырылды.

Күшейтілген бақылау 2024 жылдың соңына қарай осы ұзақ құрылыстың уақтылы аяқталуына ықпал етті.

Маусым басталысымен жол жұмыстарының барысына мониторинг жалғасатын болады.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және оның аумақтық бөлімшелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және жол саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда, - делінген хабарламада.

Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлайды.