$495.28 €538.32 ₽5.77
×

Былтыр шамамен 13 мың адам елден көшіп кетті

12.02.2025ж. 20:30
126
Былтыр шамамен 13 мың адам елден көшіп кетті

Жастар елімізден үдере көшіп жатыр. Былтыр 12 мың 800 адам өзге елге қоныс аударды. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар? Бірі білім іздеп, енді бірі жұмыс бабымен азаматтығын ауыстырса, елдегі жағдайға көңілі көншімей, мыңдаған адам шекара асты. Бірақ жауаптылардың айтуынша, жылдан жылға елден кеткендердің қатары азайып жатыр. 2023 жылы қоныс аударғандар саны былтырғыдан 20 пайызға көп болған. Қазақстанға көшіп келгендердің де қатары артуда. Былтыр 30 мыңға жуық адам елде тұрақтаған. Басым бөлігі Өзбекстан, Ресей, Қытай мен Моңғолиядан келген.

Елімізде қолма-қол ақша айналымы 20 процентке артып, 4,4 трлн теңгеге жетті. Мамандар бұған инфляцияның күшеюі, мобильді аударымдарды бақылауды қатаңдату мен көлеңкелі экономика үлесінің артуы себеп дейді. Қаржыгерлердің есебі бойынша былтыр әр қазақстандыққа 218 мың теңге тиесілі болған. Сондай-ақ, азаматтар банкоматтан 25 трлн теңге шешіп алған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп.

Алтын бағасы аспандап барады. Унциясы 2968 долларға жетті. Бұған АҚШ президентінің импортталатын металдарға 25 пайыздық баж салығын енгізуі себеп. Айта кетейік, алтын бағасы жыл басынан бері 11 пайызға қымбаттады. Бұл - тарихи рекорд. Мамандар баға өсімі жалғасатынын айтады. Алдағы үш айда 3000 долларға жетуі ықтимал. Ал жыл соңында құны шамамен 3150 доллар болады.