$501.28 €526.19 ₽5.86
×

Ғалымдар жаһандық жылыну қарқынының үдеп бара жатқанын айтып дабыл қағуда

13.02.2025ж. 20:00
210
Ғалымдар жаһандық жылыну қарқынының үдеп бара жатқанын айтып дабыл қағуда

Биылғы қаңтар айы ғалымдардың айтуынша ең жылы болды. Метео-бақылау жүргізіліп келе жатқан кезеңнен бері ең жылы қыс дейді. Климаттық жүйедегі өзгерістер, пайдалы қазбаларды жөнсіз пайдалану орны толмас қасіретке алып келетінін айтып дабыл қағуда. Әлем жаһандық жылынудың салдарын көріп бастады. Елдегі жағдай қандай? Әріптесім Еркелді Тілеуқұлдың сюжетін көрейік.

2025 ең жылы жыл болады. Еуропалық Одақ жанындағы Коперник климаттық Орталығының мамандары осылай деп жар салды. Олардың айтуынша, қазірдің өзінде жердің орташа температурасы 13,23 градусқа жетті. Бұл 1991 мен 2020 жылдардың аралығындағы орташа температурадан көп. Шығыс Еуропамен қатар, суық саналатын Ресейдің Сібірі мен Канаданың Оңтүстік-Шығысында да жылыну байқалады.

ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ ЖАНЫНДАҒЫ КОПЕРНИК КЛИМАТ ОРТАЛЫҒЫ:

Ғалымдар берген ақпаратқа сәйкес, ауа температурасы индустрия алдындағы кезеңнен 1,75 °C артық. Париж климат келісімінде бекітілген 1,5 °C межеден асып кеткенімізге 2 жыл болды.

Қазақстанда да бұрынғыдай қытымыр қыс, сүйектен өтетін аяз жоқ.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Бұрынғы жылдары ауа райы аязды болған. Рас. Қазір жылымық болып жатыр. Не үшін екенін білмеймін. Бірақ, көріп жүрміз.
- Жылдан-жылға байқап келе жатырмыз. Бұрын желтоқсан да аязды еді. Қазір қай айды алып қарасаңыз да, қар мен мұз еріп, жаңбыр жауып кетуі мүмкін.
- Арасында бір салқын ұстамаса, қалған кез жылы болып кетті. Қазір барлық жерде климат өзгеріп жатыр ғой.

Эколог Мариям Қасымованың айтуынша, жаһандық жылынудың салдарын, расымен көзбен көретін кезге жеттік. Бірақ, бұл ұғымның ойыншық еместігін, оған бар назарымызды аудару керек екенімізді түсінетін адам әлі де аз дейді.

МАРИЯМ ҚАСЫМОВА, ЭКОЛОГ:

Алғаш қар жауған кезді еске алатын болсақ, желтоқсанда жапалақтап бір-ақ жауды. Астана қаласын алатын болсақ, мүлдем тән емес. Елордада, әдетте, қазан аяғы – қараша басында қар жауатын. Кейбір өңірлерде жауын-шашынның азайып бара жатқаны да жанымызға батады. Соңғы осыдан 4 жыл бұрын болған Маңғыстау облысындағы қуаңшылықты ұмытпауымыз керек. Ол үлкен мал шығынына әкелген.

Казгидромет мамандары Қазақстанда жылыну қарқыны одан да жылдам екенін айтады. Оған себеп – еліміз Еуразия құрлығының қақ ортасында, мұхиттардан алшақ орналасуында. Сандарды сөйлетсек, 1976 жылдан бері әр 10 жылда ауа температурасы 0,36 градусқа жылынуда.

АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Ғаламдық деңгейде ең жылы 10 жылдың барлығы қазіргі ғасырда тіркелген. Бұл ерекшелік Қазақстанда да анық байқалады. Бақылау тарихында 2023 жыл Қазақстан аумағы бойынша рекордтық ең жылы жыл болып тіркелді. Орташа жылдық температураның аномалиясы +2,58 °C болды.

Осы ретте эколог-маман кінә барлық тарапта бірдей дейді. Бір реттік пластик және одан жасалатын қалташа мен дорбалар қоқыс полигондарында өртелгенде бөлінетін парник газдар жаһандық жылынудың негізгі себептерінің бірі. Сондықтан, әр адам мен Үкімет мәселені шешуді ең алдымен қоқысты сұрыптаудан бастау керек.