Атырау қаласының №2 сотында қызмет бабын пайдалана отырып, алаяқтыққа барды деген айыппен бұрынғы полицейге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сотта сотталушының Атырау қаласы полиция бөлімінің лауазымды тұлғасы бола тұра, басқа лауазымды тұлғаның өндірісіндегі қылмыстық істі тоқтату үшін күдіктінің ағасынан 300 мың теңге алғаны анықталды.
Сотталушының кінәсі әңгімелесу жазбаларымен, жәбірленуші және куәлардың жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сот-фонографиялық және психологиялық-филологиялық сараптамалар қорытындыларымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыға өмір бойы мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, "полиция лейтенанты" шенінен айыруды сұрады. Сотталушы және оның адвокаттары айыппен келіспей, ақтауды сұрады.
Сотта сотталушының кәмелетке толмаған балаларының болуы – жаза мен жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде, қабылдаған антын бұзуы – ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
"Сотталушыға өмір бойы мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, жымқырылған мүліктің 20 еселенген мөлшерінде, яғни 6 млн теңге айыппұл салу түрінде жаза тағайындалды. Ол "полиция лейтенанты" шенінен айырылды. Жәбірленушінің жымқырылған мүліктің құнын өндіру туралы азаматтық талабы толығымен қанағаттандырылды".
Атырау қаласының №2 соты
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.