$489.15 €533.47 ₽5.64
×

Билет бағасы тағы 7% қымбаттайды

17.02.2025ж. 20:00
169
Билет бағасы тағы 7% қымбаттайды

Елдегі пойыздардың жартысына жуығы ескірген. Терезесі ашылмайды, жазда ауа жоқ, қапырықтан кеудең қысылады. Ал қыста іштегі ауа температурасы сырттағы суықтан кем түспейді. Соған қарамастан теміржол билетінің бағасы тағы 7 процентке қымбаттамақ. Бұл өзгеріс наурыздан бастап күшіне енеді. Онсызда ақысы арзан емес деген жұрт жаппай наразылық білдіріп жатыр. Ескі-құсқы вагонға қалтада қысқан қаржымызды беруді қашан тоқтатамыз? Әріптесім Аружан Задабек жауап іздеп көрді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Өзіме пойызбен жүрген ыңғайлы. Жастардың тілімен айтқанда «вайбы» ұнайды. Қазір де жолға шықтым. Шәй ішесің, жанындағылармен шүйіркелесіп әңгіме айтасың. Бірақ.....

Бірақ бағасы күн сайын қымбаттап жатыр. Ақысын ақтаса мейлі ғой. Не уақытында ұшпайды, не сапалы қызмет көрсетпейді.

Вагондардың сапасын сыртынан-ақ көруге болады. Сырты түтін болса да, іші бүтін болар деп ішіне кірсең, көңіл онан сайын құлазиды. Қолқаны қапқан жағымсыз иіс мазаңды алып, діттеген жерге жеткенше әрең шыдайсың. Дәретхана жайы айтпаса да белгілі. Оған дәлелдің қажеті жоқ. Әлеуметтік желіде мұндай видеолар толып жатыр.

Бұл видео жарамызға тұз сепкендей болды. Қазір аспанда да, жерде де қалтаң қалың болмаса қамсыз жүре алмайсың. Жиған-тергенің табылмаса, жүгіріп жетесің бе өзің біл дегеннің сыңайын танытады. Ақшасын өсіруді ойлайтындар сапаны арттыруды неге ойламайды деп налисың мұндайда.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Өте қымбат билет. Мынандай жағдайға, мынандай пойыздармен, вагондармен өте қымбат.
- Билет қымбаттап жатыр, бірақ пойыздың да сапасы тура сай келу деген қой өз бағасына.
- Жазды күні кондер жоқ. Туалеті нашар. Қайдам, халықтың қалтасы көтермейтін сияқты.
- Қазір пойызға онша мінбейміз. Самолеттің билетімен бірдей шындап келгенде.

Теміржол саласында былықтың көп екені баяғыдан белгілі. Талай рет тақым қысып, «енді өзгерер» деген үмітпен жүрдік. Бірақ көңіл қуантатын жаңалықты есту барған сайын қиындап барады. Біз көңіл жайландыратын сыбыс естиміз бе деп жүргенде жолаушылар тасымалы билетті тағы қымбаттатыпты. Онсызда жиғанымызды желкемізден тесіп алатын сала сайран салуын тоқтатар емес.

НАРИМАН ДҮЙСЕКЕЕВ, «ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ» АҚ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

2025 жылдың 1 наурызынан бастап барлық әлеуметтік маңызы бар облысаралық маршруттар мен кейбір қала маңы пойыздарының тарифі 7%-ға көтеріледі. Бұл өзгеріс тасымалдаушы шығындарын ұзақ мерзімді субсидиялау шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазір халық қып-қызыл ақшаға пойыз билетіп сатып алғаннан көрі, осылай ұшақпен ұшуды таңдайтын болды. Теміржолда теңселіп ұзақ жүмейсің. Діттеген жеріңе көзді ашып жұмғанша жетіп аласың. Ал бағадағы айырмашылық аса көп емес.

Айырмашылық аса көп емес дейміз-ау. Шындығына келгенде қазір ұшақ бағасы, керісінше, пойызға қарағанда арзан. Міні дәлел. 29 наурыз ауылға барамын деп билет қарадым. Жолаушылар тасымалы Шымкентке дейін 25 мың теңге сұрады. Ал әуе рейсімен 22 мыңға да бара аласың. Билеті қымбат, берері аз қызмет түрі, әзірге қашан ретке келері белгісіз.

ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ:

Бұл вагон паркін жаңарту, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін қажет. Сонымен қатар, соңғы 10 жылда әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалы тарифтері инфляция деңгейіне индекстеуді қоспағанда, көтерілмегенін ескеру маңызды.

Не десек те, шешім қабылданып қойған. 1 наурыздан бастап бағасы қымбат пойызбен жүреміз. Тарифтің өсуі барлық әлеуметтік маңызы бар облысаралық бағыттарға, сондай-ақ бірқатар қала маңына қатынайтын пойыздарға әсер етеді. Жолаушылар тасымалы бұл заңға сәйкес жүзеге асып отыр дейді. Бірақ нақты неге негізделген баға екенін ашып айта алмады. Соған қарағанда себеп жоқ та шығар.