Таразда тергеуші қылмыстық іс материалдарын бұрмалағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Orda.kz.
Тараз қаласының №2 сотында лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау фактісі бойынша М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы М. полиция тергеушісі бола тұрып, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізбей, істі бұрмалап, тоқтатқан. Жәбірленушінің атынан күдіктімен татуласу туралы арызды өзі дайындап, қол қояды. Жалған құжаттарды электронды базаға енгізіп, тіркейді.
Прокурор сотталушыға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
«Қоғамдық қауіптіліктің сипаты мен дәрежесін, жасалған қылмысты ескере отырып, сотталушы М. 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды және полицияның «аға лейтенанты» арнайы атағынан айырылды», деп жазылған сот шешімінде.