13 мың теңгеге 7 баланы асырай аласыз ба? Қызылордалық Айгүл тырысып отыр. Үйі де жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүреді. Аяқ астынан көшетін болсақ, қиналып қалады деп, үлкені Диана балалар лагеріне де бармай қалған. «Күйеуің туралы айтушы болма деген», енесі. Иә, күйеуі бар. Бірақ. Айгүл, айып етпеңіз, айтамын, 7 баланы тастап, кетіп қалған көрінеді. Көмектеспейді. Тілшіміз Шарипа Сақтапова «Ораза айында қайырымды кәсіпкерлер мүмкін...» деп сюжет жасады.
17 жасында сүйгеніне қосылып, келін атанған Айгүлдің бақыттан басы айналып, өмірдің суығы мен ыстығына бірдей шыдап, бірінен кейін бірін жеті баланы өмірге әкеледі. Оған еш өкінген емес. Дегенмен, қиындықтар жылдан-жылға көбейе берді. Бір күні аш қалып, екінші күні тоңғанын күліп айтуға тырысқанымен, балаларының қиналғанына жүрегі қан жылайтынын жасыра алмады. Тұрақты жұмысы болмаса да, қарап отырмай, адамдарға жалданып, нәпақасын табуға тырысқан Айгүл, 28 жасында жалғыз қалады. Жан-жақтан үйіліп түскен мәселелер мен қиындықтарды енді тек жалғыз өзі шешуіне тұра келеді. Қысы-жазы пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүр. Баспанасы жоқ. Бірақ Айгүл еңсесін түсірмейді.
Айгүл Нұрманова, көп балалы ана:
Бір ай мұнда тұрсақ, бір ай басқа жаққа көшуіміз керек. Өйткені қазір балалары көп ананы ешкім алмайды, ешкім жақтыртпайды. Сонын бәрін менің кішкентай балаларым көріп келе жатыр, менімен бірдей. Қатты қинайтыны сол баспана. Осы балаларым менің бар армыным, бар бақытым. Балаларымды бүкіл әлім келіп маған қарсы тұрса да мен ешкімге айырбастамаймын. Менің балаларым жанымда болса мен тыныш ұйықтаймын, мен еш уайымсыз боламын. Мықты азамат қылып өсіремін, өсіре аламын да. Мен сонымен күресіп өмір сүремін.
Айгүлдің балаларына үкіметтен алатын жәрдемақысы 13 мың теңге. 13 мың теңге сегіз адамның бір
ай өмір сүруіне... Көнілі жайлау көршілерінің бірі бір бөлке нанын,
екіншісі киілген болса да киімдерін
беріп, көмектесуге тырысады. Олар да өзі сияқты тұрмысы төмен кісілер. Ал
кейбіреулер "балаларыңды интернатқа өткіз, демалыс күндері алып
тұрасың" деп "ақыл" айтады екен. Айгүл ондай кісілерден аулақ
болуға тырысады.
Анасына қолқанат үйдің тұңғышы – 12 жастағы Диана.
Үй шаруасына жәрдемдесіп, кішкентайларды бағып, сабақтан соң жоқтан бар жасап,
тәтті тамақ әзірлейтін дарынды қыз осы. Өзі оқу озаты Диана, соңынан ерген
іні-сіңлілерінің үлгерімі мен тәртібін
да қадағалайды. Сондықтан да Алпамысовтар мектеп мақтаныштары. Анасының
сүйеніші Диана, аяқ асты көшіп жатса, мамам қиналып қалады деп, балалар
лагеріне де бармады. Ол болашақта мұғалім болуды армандайды. Ал қазіргі арманы
әрине - баспана.
Диана
Алпамысова:
Қыста көшкенде балалардың
кейбіреулеріне қатты суық тиеді. Содан олар ауырып, мамам дәріге ақша таппай
қалады, ондай кездер де болады. Біздің тек қана кішкене арманымыз: өзіміздің
жеке баспанамыз болса екен. Ең басты біздің арманымыз сол. Күнде Алла-Тағаладан
тілейміз.
Қызылорда мен қалаға қарасты ауылдарда алты мыңнан астам көп балалы аналар тұрады. Балалары 18 жасқа толғанша берілетін жәрдемақыны, "Алтын" және "Күміс" алқаға қосылатын қаражатты алып отыр. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде көп балалы аналарды "жалғыз басты", "жолдасы бар", "жоқ" деп бөлмейтіндерін айтты. Десе де, олардың қалай өмір сүріп отырғанын біледі. Қайсысы берекелі, бақуатты, ал кімнің қолдауға мұқтаж екенін тізіп отырамыз, дейді шенеуніктер. Соңғылардың ішінде әрине, Айгүл де бар.
Бибігүл Баратова, Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты бөлімше бастығы:
Мысалы, бірінші қыркүйекте білім күніне Нұрманова Айгүлге демеушілер тарапынан көмектер көрсетілді. Мектеп құрал жабдықтарымен, оқу құралдарымен, мектеп киімдерімен. Барлық мерекелерде Нұрманова Айгүлге азық-түлік сияқты көмектер көрсетіліп келе жатыр. Жұмысқа тұрам десе біздің бөлімге келіп, тіркеледі. Заңдылығына сәйкес қоғамдық жұмысқа жіберіледі. Баспана жағы біздің құзырымызға жатпайды, көмек көрсетуге біздің құзырымызға жатпайды.
Басына түскен жағдайға қайыспай, балаларымды жеткізсем деп отырған отызға толмаған ана, бүлдіршіндерінен бас тартып, тіпті далаға, қоқысқа лақтырып кететіндерді жауыз санайды. Бүкіл қиындықтарға төтеп бере аламын, тек балаларым аман болсыншы деп, Жаратқаннан тілеуін тілеп жүрген Айгүлдің үміті сөнбейді. Біз ойлаймыз, мүмкін, біреудің бос тұрған кішкене болса да үйшігі бар шығар. Ай аралатып, көшіп-қонғаннан ол да жақсы. Мүмкін, жергілікті биліктің өзі үндесе, ауқатты азаматтардың бірі, бәлкім бірнешеуі бірігіп, қасиетті Рамазан айында сауапты іске барар. Мүмкін...
Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт».