$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Астанада ЕХРО-2017 көрмесінің ресми ашылуына бірнеше мемлекеттің басшылары қатысты

AstanaTV
09.06.2017ж. 18:50
4398
Астанада ЕХРО-2017 көрмесінің ресми ашылуына бірнеше мемлекеттің басшылары қатысты

Бірнеше минуттан соң Астанада ЕХРО-2017 көрмесінің ресми ашылуы өтеді. Оған бірнеше мемлекеттің оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшылары қатысады. Олардың алды маңызды нысанға келіп те жатыр. Негізгі шаралар ертеңге, яғни 10 маусымға жоспарланғанымен, бүгінгі күннің де орны ерекше.  Әріптесім Мөлдір Бақытқызы қазір ЭКСПОның аумағында тұр. Және бізді соңғы жаңалықтардан хабардар етуге дайын. Мөлдір, сөз сізде.

Кеш жарық, Ләйлә! Иә, сәлден соң тарихи оқиғаның тұсауы кесіледі. Тойдың болғанынан боладысы қызық демекші. Қолымызға көрменің "кілті" қалай түсті. Соны еске түсірсек. 2012 жыл 22 қараша таңғы 7:52. Тап осы күні, осы сағатта «Астана ЕХРО-2017» қожайыны» деген «сүйінші» хабар қазақтардың құлағына жетті. Ақпарды «Ақорданың» ресми туиттері бірінші болып таратты. Ал осы сәтте Парижде қазақстандық делегация қуаныштан «бөріктерін аспанға атып», тіпті көз жастарына ерік беріп жатты.

Мұның өзі таңдаудың аса тартысты болғанын көрсетсе керек. Астана бельгиялық Льеж қаласымен таласқа түсіп, айқын басымдыпен ұтты. Жасырын дауыс беру кезінде Астана 106, Льеж 44 ұпай жинады. Парижде жұмыс сапарымен жүрген Нұрсұлтан Назарбаев та  елге құттықтау жолдады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті \22.11.2012 ж.\:

Участвовало - 148 государств, мы получили 103 голоса, победив город Льеж. Таким образом Казахстан получил еще одно признание среди этих 150 государств, как страна, которая может проводить столь масштабное мероприятие.

ЕХРО - адамзаттың техника мен технологияда қол жеткізген табыстарын таныстыратын ашық алаң, халықаралық көрме. Үш жыл сайын өтеді, үш айға созылады. Көрме тарихы тереңде. Алғашқы ЕХРО-1851 жылы Лондонда өтті. Оның «сарқыты» Джозеф Пакстонның сәулеттік жобасымен таза шыны мен болаттан тұрғызылған Хрусталь сарайы болды. Келесі көрме Наполеонның бұйрығымен Парижде болды. Ескерткіші ретінде Эйфель мұнарасы бой көтерді. Рас, көрменің нышандары бірінен бірі өтеді.  Айтпақшы, қазақтар мен  Экспоның байланысы әріде жатыр. Әйгілі Әміре Қашаубаев осы «ЭКСПО» көрмесіне қатысып,  «Ғажайып дауыс» атанған алғашқы қазақ.

Әміре ән салғаны Әміреден соң, қазақ елі әлемді қалай таңқалдырмақшы. Тақырып: «Болашақ энергиясы». 126 мың шаршы метр аумақта баламалы һәм жасыл энергияның соңғы жетістіктері шоғырланады. Мұнда 115 мемлекет өз мүмкіндігін паш етеді. Бес павильон жасақталған. Соның бірі - шар іспетті «Нұр әлем».  Диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метрді құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат. Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, көрікті жерлері, жетістіктері 1 қабаттағы «Қазақстан» павильонында орналасқан. Көрме өткен соң, ол инновациялық хаб әрі маңызды зерттеу және мәдени орталыққа айналуы тиіс. Бүгін оны бірінші болып, бірнеше елдің президенттері аралайды.

Ләйла:

Өте қызықты мәліметтер айтылды. Мөлдір, ал қауіпсіздік жағы қалай қарастырылған?

- Әлбетте, ол бірінші кезектегі мәселе. Күш құрылымдарынан бөлек, қалада бейнебақылау жүйесі күшейтілгені байқалады. Бағандардың басында бейнебақылау камералары орнатылған.

Камера демекші, бірер күн бұрын ЕХРО аумағын көктен видеоға түсіріп жүрген 4 дрон тәркіленді. Әдемі көрініске қызыққан шетелдіктер болса керек. Бірақ рұқсатсыз түсіруге тиым салынған. 22 мың теңге айыппұл төлейсіз.  Ал, ЕХРО-2017 ғажайыбы 15 минуттан соң, тікелей эфирде көрсетіледі. Тарихи сәтті біздің арнадан тамашалаңыз. Камераларымыз Астананың әр бұрышында, тіпті тікұшақта орналасқан. Сондықтан сіз бұрын соңды көрмеген кадрларды көресіз. Көрмеден ілеспе аударма арқылы 4 тілде жер жаханға 1500 журналист ақпар тарататады. Жалпы 1,2 млн билет сатылған. Ұзын саны 2 млн адам келеді деп күтіледі. Оның 15 пайызы шет елдіктер.

Айтпақшы, көрменің «тұмары» менің аттасым Мөлдір - су энергиясы мен тазалықтың нышаны. Оның Қуат және Сәуле деген достары бар. Жер һәм күн энергиясының көздері. Біз көрмеге тек сәттілік тілейміз!