Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтөбелік әйел жарты жыл бойы өртеніп кеткен пәтерін паналап жүр

AstanaTV
09.06.2017ж. 18:50
2039
Ақтөбелік әйел жарты жыл бойы өртеніп кеткен пәтерін паналап жүр

Ақтөбе тұрғыны жарты жылдан бері өртеніп кеткен пәтерін паналап келеді. Өзге баратын жерім жоқ деген Татьяна Божкова қиын жағдайда қалғанына налиды. Баспанасын ретке келтіруді армандаған әйелдің оған шамасы жетер емес. Сондықтан ол қайырымды адамдардан көмек сұрайды. 

Татьянаның үйі былтыр күзде отқа оранған. Сол өрттен беті мен көзі күйіп қалған ол біраз уақыт ауруханада емделеді. Басқа баратын жері жоқ болғасын өртенген пәтеріне қайтып келген. Жанып күлге айналған заттарының қалдығын реттеймін деп денсаулығы қайта сыр береді. Жасы 60 қа да жетпеген әйелдің жүріп-тұруының өзі мұңға айналған.

Татьяна Божкова,  Ақтөбе тұрғыны:

Қатты қажып кеттім. Бәрін бір демде жоғалтқаным жаныма батады.Тіпті мысығым мен итімнен де айрылдым. Мені мейірімді жандар құтқарып қалғанымен, олар өртеніп кетті.

Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері Божкованың жағдайынан хабардар. Айтуларынша,үйде өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмағандықтан, тілсіз жау орын алған.

Нұргүл Қонақбаева, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы:

Қылмыс құрамы болмағандықтан, бұл іс өндірістен қысқартылды. Төтенше жағдайлар департаменті анықтағандай өрт үй ішінде темекі тартқаннан шыққан.

Ал заңгерлер материалдық шығынды өндіріп алу үшін кінәлілерді анықтау керек дейді. Егер өрт үй иесінің кесірінен болса, онда ешкімге кінә артпағаны дұрыс. Татьяна Божкова қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне көмек сұрап барады. Бірақ орталық берген жәрдем жыртығына жамау болмапты.

Данагүл Болатова, Ақтөбе қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:

Мұндай ақшалай көмек тұрмысы төмен азаматтарға жылына бір рет көрсетіледі. Бұл - шамамен 32 АЕК. Азаматша Божкова қиын жағдайда қалғасын, біз оған 72 мың теңгені көмек ретінде бердік.

Татьяна бұл ақшаға жаңа сантехника сатып алған. Ал аты-жөнін айтпаған белгісіз жан қамқорлық танытып, жуырда үйіне жарық тартып берген. Енді үй иесі баспанасын ретке келтіруді армандайды. Бірақ бұл іс жалғыз өзінің қолынан келер емес.