Астанада әлеуметтік желі арқылы мол табыс уәде етіп, 28 адамды алдады деген күдікпен 24 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Astana TV.
Polisia.kz мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілерде инвестиция салу арқылы қысқа мерзімде ақшаны екі еселеуге болатыны туралы хабарландыру жариялаған. Уәдеге сенген азаматтар оған ақша аударған.
Алғашында әйел салымшыларға уәде етілген пайыздық төлемдерді жасап, сеніміне кірген. Алайда ірі көлемде қаражат түсе бастаған кезде төлемдерді тоқтатқан.
Алаяқтықтан еліміздің әр өңірінен 28 адам зардап шеккен. Олардың арасында Ақтөбе облысының тұрғындары да бар.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір келтірілген шығын көлемі мен оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.