Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қызылжарда ет экспортын арттыру мақсатында мал бордақылау алаңдары салынып жатыр

AstanaTV
18.03.2016ж. 20:00
1809
Қызылжарда ет экспортын арттыру мақсатында мал бордақылау алаңдары салынып жатыр

Солүстік Қазақстан облысының атқамінерлері ет бағасын қолдан шарықтатып отырған делдалдардың көзін жоймақшы. Енді мал бордақылайтын орталықтар ашылып, шаруалар қорадағы ірі қарасын қомақты қаржыға өткізетін болады. Бұл әрі ет экспортын арттыру үшін де жасалып отыр. Абзал Құрманкин тарқатады. 

Ет демекші, жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Қазақстанның еті сапалы болғанымен, бағасы арзан екенін айтқан болатын. Оның пайымдауынша, шетелде ет шамамен 3 есе қымбат. Отандық тауар өндірушілері азғантай табыстың кесірінен дамудың даңғыл жолына түсе алмай әлек. Сондықтан бұл бағытты тиімді қылу үшін ішкі мәселелерді шешіп алған жөн, деп санайды министр.

Берікбол Қоршамбай осыдан 4 жыл бұрын 25 ірі қара сатып алған. Қазір қорасындағы сиыр басын 40-қа жеткізіпті. Дегенмен, ол үшін қалаға ет тасып сату машақат. Ал делдалдар бағасы тым арзан екенін айтады. Оның үстіне малды бүтіндей алмаған соң, желінеміз деп отыр. Сондықтан мал бордақылау орталықтары ашылса, игі дейді.

Берікбол Қоршамбай, шаруа:

Осы күнге дейін онша тиімді болмады. Өйткені делдалдар келіп алып кетеді арзан бағаға. Шамасы келсе, арзан алғылары келеді: 600-700 теңгемен алғылары келеді. Үкімет бағасы 800-900 теңге береді. Біз онда өткізген мал басына үкімет тағы 24 мың теңге субсидия ретінде беріледі. Үкіметтің қолдауы.

Елде мал бордақылау алаңдарын салу бағдарламасы 2011 жылдан бастап іске аса бастады. Бүгінде солтүстік өңірде асыл тұқымды мал өсіретін 16 нысан бар. Алайда олар сол шаруаларға ғана тиесілі. Былтыр бұл бағдарламаға өзгеріс енгізілді. Енді биыл теріскейде мал бордақылайтын 3 мың басқа шақталған екі нысан іске қосылмақ.

Алтынбек Абдоллаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Солтүстік Қазақстан облысының маңайындағы халқының саны 17 миллионға дейін. Ол мынау Ресейдің шекаралас облыстарында. Солардың біздің етімізге деген сұранысы өте үлкен. Бұл - бір. Екінші мәселе, арадағы делдалдықты жоямыз ба деген ойдамыз.

Асыл тұқымды мал өсіріп отырған жергілікті ет кәсіпорыны да қосымша 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салмақшы. Ауыл халқынан тайынша, қашарларды жинап, жемдеп, Ресей нарығына шығармақ.

Павел Рафальский, ЖШС директоры:

Ресейліктерді малдың үлкен партиялары қызықтырады. Яғни айына 50-100 бастан алмақшы. Қазір малды мұндай көлемде өткізуге қауқарымыз жоқ. Сондықтан мал бордақылау алаңдарын салып жатырмыз. Енді тұрғындар қара малдарын тапсыра ма деген мәселе туындап тұр. Жұрт жаппай бұқа-сиырларды өсірумен айналысу үшін, біз оларды арзан жем-шөппен қамтамасыз етеміз. Нәтижесінде жаңа нысанымыз үй жануарына толады деп ойлаймыз.

Осылайша билік арадағы делдалдарды жоятындарына сенеді. Ол үшін бейнеті көп мал асырау ісіне машықтанған ауыл халқы, қорадағы малын бордақылау алаңдарына тапсыруды әдетке айналдырcа, болғаны дейді.

Абзал ҚҰРМАНКИН