Бүгін -дүниежүзілік Үкіметтік емес ұйымдар күні. Қазір елімізде 22 мыңнан астам қоғамдық бірлестік бар. Олар жыл сайын 2 мыңға тарта әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, қоғамдағы түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатады. Мереке қарсаңында ерікті түрде жемісті жұмыс істеп жүрген бір топ азамат марапатталды. Айта кетейік, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау мен қаржыландыру жыл сайын артып жатыр. Мәселен, 2023 жылмен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс көлемі 41 пайызға, гранттық жобалар 33 процентке көбейген.
АЙЗАДА ҚҰРМАНОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Соңғы 1 жылдың өзінде 500-ден астам жұмыс орны ашылды. 670 шағын грант азаматтарға өз бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. 100 мыңнан астам адам түрлі тренингтерге қатысты. Миллионнан астам азамат әлеуметтік көмек алды. Оның 15 мыңы мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл жәй ғана сандар емес. Оның артында қаншама адамның жағдайы реттеліп жатыр. Мұның барлығы үкіметтік емес ұйымдардың қажырлы еңбегінің арқасы.
ҰЛЖАН МЫРЗАГЕЛДИЕВА, "ЖАҚСЫЛЫҚ АРИФМЕТИКАСЫ" ҚҚ БАСШЫСЫ:
Қазіргі таңда осы қоғамдық қор негізінде 2 оқу-орталығы жұмыс жасап жатыр. 2 орталықта 28 мұғаліміміз бар. Енді олар сонда жұмыс жасағандықтан ерікті болып саналады. 480 бала білім алуда. Көпшілігі көпбалалы отбасылардың балалары мен ерекше күтімді қажет ететін балалар.