Елде картоп бағасы шарықтап кетті. Былтырдан қалған өнім қазір 200-250 теңгеден сатылып жатыр. Оның өзі өткен жылдың өнімі. Ал сала мамандары бағаға көктемнің кеш шығуы әсер етті деп отыр. Картоп қашан арзандайды? Тілшіміз Абзал Құрманкин тарқатады.
Қызылжарда картоптың бағасы былтырғымен салыстырғанда 2 есе қымбаттаған. Өткен жылдың маусым айында көкөніс құны 120 теңгеден аспайтын, - дейді базар сатушылары. Бүгінде өнімнің көтерме сауда бағасы 180 теңге. Ал дүкендерде одан да қымбат. Сатушылар бұл құбылысты картоп тапшылығымен түсіндіреді.
Садық Кенжеев, сатушы:
Қазір картопты 200-ден сатып жатырмыз. 10 теңге, 5 теңге қосамыз. Картоп жетпегеннен баға өсіп жатыр. Жететін болса, баға да арзандайды бірден. Ана Булаевқа бардық, картоп жоқ тіпті.
Базар басқарушысының айтуынша, қазір нарықта тек былтырдан қалған картоп қана сатылып жатыр. Сауда сөрелеріне биылғы өнім қойылғасын, баға өзімен өзі саябырсиды, дейді ол. Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Алайда, биылғы өнім кешеуілдеп жатқандықтан, жергілікті тауарөндірушілер ескі картоптың бағасын көтеріп жіберген.
Симанас Шаханова, базар басқарушысы:
Шаруалар қазір соңғы картобын сатып жатыр. Көкөніс көптен бері жатып қалғандықтан, арасында бүлінгені көп кездеседі. Сондықтан оның бағасы да өсіп отыр. Оңтүстіктен жаңа өнім келгесін, ескі картоптың бағасы құлайды.
Былтырғыға қарағанда қымбат. Былтыр бұндай сауда болмайтын, күшті болатын. Биыл ондай жоқ.
Ал маусым айында теріскейді жаңа шыққан көкөніспен қамтитын Шымкенттің өзінде де қазір картоп бағасы шарықтап тұр. Қаланың қақ ортасындағы шағын сауда қатарында келісі 200-220 теңгеден саудалануда.
Сағира Мырзагелдиева, сатушы:
Картошка бүгін мен өзім 200-ден сатып жатырмын. Күнде 250-270-тен сатқанбыз. Бүгін 200- ден сатып жатырмыз. Биыл баға түскен жоқ, көтеріліп тұрды. Сәбіздер де әлі 200-ден сатып жатырмыз, жаңа сәбіздер, пияз 160 сатып жатырмыз.
Жаз айы шықса да, жас картоптың нарқы аспандап тұруын оңтүстікқазақстандық мамандар көктемнің кеш шығуымен байлыныстырады. Нәтижесінде шаруалар өнім жинауға екі аптадай кешігіп кіріскен. Айта кетейік, биыл аймақта картоп дақылы 13 мыңнан астам алқапқа егіліпті. Әзірге одан мың тонна өнім жиылған.
Сейітжан Азбергенов, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашығы бөлімінің бас маманы:
Бүгінгі мың тоннаға жуық жеп жатқанымыз Шығыс Қазақстанға жіберілді және одан кейін өзіміздің облыста. Келесі аптадан бастап картопты жаппай жинау межеленіп отыр. Сондықтан бағаның төмендеуіне әсерін тигізеді, жаппай өнім шыққаннан кейін.
Абзал Құрманкин, тілші:
Сөйтіп,
сала мамандары келесі аптадан бастап картоп бағасының төмендеуін болжап отыр.
Оңтүстікте ғана емес, Ресейде де өнімдер піскелі тұр. Ал тамызда Павлодар,
Қызылжар, Ақмола мен Қостанай өңірлерінің картобы саудаға шығарыла бастайды. Ол
кезде тұрғындардың сұранысына ие азық арзандамақ.
А.ҚҰРМАНКИН