Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Астана ЕХРО көрмесіндегі Корея павильонының ашылуы

AstanaTV
12.06.2017ж. 20:00
2479
Астана ЕХРО көрмесіндегі Корея павильонының ашылуы

ЕХРО-2017 көрмесіне Кореяның жүздеген озық компаниялары өздерінің тың туындыларын көрсететін болады. Бұл туралы бүгін Астана ЕХРО-2017 көрмесіндегі Оңтүстік Корея павильонының салтанатты ашылуы барысында айтылды. Корейліктер көрме кезінде сумен жүретін көлікті таныстырмақ. 93 күндік көрмеде корей халқы озық технологияларын ғана емес, дәстүрі мен мәдениетін де таныстырмақ.

Корей павильонының ашылуында осы елдің ұлттық музыка аспабымен қазақтың домбырасының қоңыр үні қоса күмбірлеуі бекер емес.  Корей халқы сан қаптарлы тарих бетіндегі сындарлы жылдарда, қолтығынан демеп, қолдау көрсеткен қазақ халқын мәңгілік досымыз деп біледі. Жаһанда жаңашылдығымен, өзгелерден оқ бойы озық технологиясымен танылған ел - әлемнің басты көрмесіне бар жаңашылдығын паш етпек.

Ким Дэсик,  Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Мен Корей елінің осы керемет мемлекеттегі елшісі болып сайланғаныма көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда, Корей павильонының төрағасы болу - мен үшін зор мақтаныш. Бұл «болашақтың энергиясы» тақырыбында ғаламдағы үздік технологияларымызды танытып, өзгелердің жетістіктерін тамашалауға мүмкіндік береді. Бұл озық ойды бөлісе алатын халықаралық платформа алаңы. Қазақстанның пайдалы қазбаға бай мемлекет бола отырып, болашақтың энергиясына ұмтылуы жас мемлекеттің жігерлілігін білдіреді.  

Бірінші күннен бастап Корея павильонына адамға лық толды. Ал, мемлекеттің өзі индустриясы, мәдениеті, өнері үндескен және өзіндік ерекшелігі бар павильон ретінде келушілерді ыстық ықыласына бөледі. ЭКСПО қалашығының қасында орналасқан  Мега сауда орталығында Корея дүкенінің ашылуы арқылы ЭКСПО аясында маркетингтік шаралармен қоса, ұйымдастырушылар екі ел кәсіпкерлері арасында іскерлік қарым-қатынас орнатпақ. Мұны Кореяның сауда-саттық жөніндегі белгілі Котра корпорациясының басшысы да атап өтті.

Ким Дже Хонг, «Котра» корпорациясының директоры:

ЕХРО қалашығы Астана қаласы сияқты тез бой көтеріп, қарыштап дамуда. Қазақстан ЕХРО-2017 көрмесі арқылы әлем бас қатырып отырған сауалға өзіндік үлкен септігін тигізуде. Біздің павильон тақырыбы да «Болашақ энергиясы» деп аталады. Бұл біздің осы жоба аясында да бірлесе жұмыс атқару керек екенімізді көрсетеді. Жалпы қос ел арасындағы қарым-қатынасқа ешқашан сызат түскен емес, біз оны мұнан бетер жақсартуымыз керек.

Толықтырылған шындық түріндегі бейнебаяндар арқылы энергетика саласындағы шешімдері мен технологиялары таныстырлмақ. Оның ішіндегі маңыздысы - сумен жүретін көлік. Ол жақында көрмеге қойылатын болады. 

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ