$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда «Халықаралық әдеби биеннале» басталды

AstanaTV
12.06.2017ж. 20:00
3513
Алматыда «Халықаралық әдеби биеннале» басталды

Кітап оқитындардың саны күн санап азайып барады. Өйткені халық кітапқа емес, сандық технологияға әуес. Бұрындары бір кітап үш жүз мыңға жуық басылыммен шықса, бүгінде оның саны үш жүз данамен ғана шектелген. Осы мәселеге алаңдаған отандық және шетелдік әдебиет жанашырлары бүгін Алматыда бас қосты.

Елдер арасында тек экономикалық ынтымақтастықты нығайтып ғана қоймай, әдебиетшілердің шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, қоғамның рухани кеңістігін әрі қарай кеңейту «халықаралық әдеби биенналенің» негізгі тақырыбы болды. Жалпы жаһандағы бей-берекетсіздік пен лаңкестердің озбыр әрекеті рухани азғындаудан болады. Кітаптың жоғалуы адамзаттың рухани байлығын жұтып барады. Бұл тұста жастарды технологияға телміртпей, қағаз кітапты оқытуға үндеу қажет. Әйтпесе, технологияға телміреміз деп жүріп тек көзбен көру қабілетіміз қалыптасып, ойлау қабілетіміз нашарлап қалады, - дейді қаламгерлер.

Дулат Исабеков, жазушы, драматург:

Англияда қазір қағаз кітапқа қайта бет бұрды. Олар да технология бізден бұрын дамып кеткен ғой. Қағаз кітап - балаларды тәрбиелейтін ең басты құрал деп, қағаз кітапқа айналып, оқып жатыр. Ал бізде сол эйфория ғой - технологияға қолымыз жетті деп, соған масаттанудан әлі арылмай жатырмыз. Сондықтан кітап оқымаған адам, бала жөні түзу азамат болмайды деп ойлаймын.  Кітаптарымыз миллиондаған тиражбен шығып еді. Енді кітаптарымыз мың тиражбен әрең шығатын болды.

Сергей Карпов, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы бюро басшысы:

Қазір әлемде 6 миллиард смартфон бар. Демек, жер жүзіндегі әрбір адамзат инновациялық технологияға тәуелді. Қағаз кітапты ешкім оқымайды. Өйткені қолдарындағы смартфонда ақпараттың бәрі бар. Менің ойымша, кітап таралымының қысқаруы да осы гаджеттердің көбеюінен болып отыр. Сондықтан бұл мәселеге тиісті көңіл бөлу қажет.

Айгүл ЕРМАХАН