$504.44 €545.65 ₽5.95
×

Елордадағы балабақшалардың бірінде күзетші болып жұмыс істейтін Батырбек Бисеновті бүлдіршіндер ерекше жақсы көреді

28.02.2025ж. 20:00
4673
Елордадағы балабақшалардың бірінде күзетші болып жұмыс істейтін Батырбек Бисеновті бүлдіршіндер ерекше жақсы көреді

Елордадағы балабақшалардың бірінде күзетші болып жұмыс істейтін Батырбек Бисеновті бүлдіршіндер ерекше жақсы көреді. Ата-аналар да таңертең келгенде міндетті түрде хал-жағдай сұрасып, кешке қол алыспай қайтпайды. Күн сайын тек алғыс арқалап жүрген жанмен тілшіміз кездесті.

Батырбек Бисеновты балалар көрсе болды, жанына жүгіріп барып, құшақтайды. Ол да, әр балаға жеке-жеке көңіл бөлуге тырысады. Содан болар, бұл видео әлеуметтік желіде таралып, тек жылы лебізін білдірген пікірлерді жинады. 60-ты алқымдаған азаматқа балабақша ата-аналары әрдайым құрмет көрсетеді. Бүлдіршіндердің қауіпсіздігі үшін ғана емес, күнделікті керемет көңіл-күйі мен тәрбиесіне атсалысып жүрген жанға үнемі алғыс айтады.

ДИНАРА ИСИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жақсы адамды бала бірден сезеді ғой. Оларды жасандылықпен алдай алмайсың. Жуырда бір оқиға болды. Қатты аяз болатын. «Ағай, сіз ішке кірсеңізші, суық қой», - деп едім, «Жоқ, мен достарымды күтіп алуым керек», - деді. Ол өзінің дүңгіршегінен шықпай қалған кезі болған емес. Әр баланың атын біледі, барлығын тәттімен күтіп алады.

Тілі енді шыққан бүлдіршіндер де, мейірімді кісі туралы жылы лебіздерін, сезімдерін тоқтамай баяндауға бар.

ЮРИЯ ГОРИНА, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

Мен Батырбек ағаны жақсы көремін. Ол бізге әрқашан кәмпит береді. Ол өте күшшті.

Батырбек Бисенов 2021 жылдан бері осы балабақшада күзетші. Жүрегі мейірімге толы азамат балаларды мейірленіп қарсы алады, қамқорлықпен үйіне шығарып салады. Ұжымдағылар да ол кісіге дән риза.

ЖІБЕК ТҰРБЕКОВА, БАЛАБАҚША ДИРЕКТОРЫ:

Келгеннен бастап, Батыр аға балаларға тұлғаға қарағандай құрмет көрсетеді. Дүйсенбі күні келсе, «Қалай демалдың?», - деп сұрайды. 360 бала болса, 360 баланың атын біледі. Бала кіргеннен, «бесті бер», - деп амандасып, үлкен тұлғамен сөйлескендей қарым-қатынас жасайды, ол кісі.

"Әлі толық есін білмейтін бүлдіршінге жақсы қарым-қатынас көрсетудің тәрбиелік мәні зор",-дейді абыройлы азаматтың өзі. Ол үшін "бала -өмірдің мәні мен сәні".

БАТЫРБЕК БИСЕНОВ, БАЛАБАҚША КҮЗЕТШІСІ:

Адам адамға жақын болады дегендей. Мен ешқандай ерлік істеп жатқан жоқпын. Мен балаларды жақсы көремін. Олар да маған қайтарып отыр ғой.

Балалар жуырда Батырбек Бисеновтың мерейтойына сый жасапты. Жаны ізгі жанның балабақша алдында қол бұлғап тұрғанын ақ парақ бетіне бейнелеген.