$504.44 €545.65 ₽5.95
×

Түркістан облысының тұрғыны ауласынан ашқан зообақта аң-құстың отыздан астам түрін бағып отыр

28.02.2025ж. 20:00
5217
Түркістан облысының тұрғыны ауласынан ашқан зообақта аң-құстың отыздан астам түрін бағып отыр

Түркістан облысында Кентау қаласына қарасты ауылдың тұрғыны өз үйінің ауласын шағын хайуанаттар бағына айналдырған. Ибрахим Саттаров аң-құстың отыздан астам түрін бағып отыр.

Аулада тропикалық аймақты мекендейтін түйеқұстың үш түрі бар. Ал тауыстың үндістандық және ирандық түрлері мекендейді. Мұнда қырғауылдың бес түрі жүр. Шағын зообақта үйрек-қаздан бөлек тауықтың да 20-ға жуық түрі бар. Бүркіт пен қоянның да бірнеше түрі кездеседі.

ИБРАХИМ САТТАРОВ, ҚАРНАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Келіп жатқан көпшіліктің қызығушылығы артып жатқан нәрсенің бірі – бұл павлин. Бұл үндістандық тауыс деп аталады. Әртүрлі түсті болады. Кептерге ұқсайтын жапондық тауықтар бар, кішкентай. Одан кейін бізде африкалық тауықтар бар. Жұмыртқасы мен етінің дәмі бөлек. Бұл да бір біздің ортаға жаңалық болып келеді.

Ибрахимнің зообағында қой мен ешкінің де он шақты ерекше түрі бар. Құлағы ұзын мына ешкілер- үндістанның Шәми, Коко, Альпиский деген тұқымдары. Ал қойдың Дорпер, Миранос, Қисары тұқымдарын бағып отыр. Жануарларды жаны сүйетін жігіттің зообақты ашқандағы мақсаты да айқын. Бүгінге телефонға тәуелді балаларды табиғатпен байланыстырсам дейді.

ИБРАХИМ САТТАРОВ, ҚАРНАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Адамдардың ішіндегі бір мейірімділікті оятатын нәрселер. Келіп жатқан, көріп жатқан, әртүрлі эмоция алып жатқан жастар бар.

Ибрахимнің ауылдан зообақ ашуына әкесі қолдау білдірген. Қарияны жас ұрпақтың жан-жануарлардан алыстап бара жатқаны алаңдатады. Райымжан Қошқаров сондықтан отбасымен келіп демалатын экопарк ашуды жоспарлап отыр.

РАЙЫМЖАН ҚОШҚАРОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір біз үкіметтен құдай қаласа 2 гектар жер сұрап жатқан жайымыз бар. Келіп, көріп жатыр. Егер бұны беріп жатса, біз Түркістан қаласынан өте бір тамаша дүниені іске асырмақшымыз. Ол кезде бала өзінің әке-шешесімен, мұғалімдерімен келіп, демалып, отыратын жерлері болады. Көретін барлық нәрсе болады. Туризм дамып жатқан жерде, қалада сондай нысан болуы керек. Бауы да, жануарлары да ішінде, бала-шаға ойнайтын екі арена болады.

Райымжан Қошқаров бұл жобасына жергілікті билік қызығушылық танытып отырғанын айтады. Егер жер мәселеесі шешілсе келер жылы жаңа нысанды іске қосуға ниетті.