Түрмедегі түлектер. Бүгін Қарағанды облысы Қарабас кентінің АК 159/18 түзету мекемесіндегі 25 сотталушы аттестат алды. Педагогтар «ересек» оқушыларын мектептен сән-салтанатпен шығарып салды. Түрмедегі бітіру кешіне тілшіміз Айжан Қуаш барып қайтты.
Жасы 23-тен асқан Андрей Мирзаянов - «Жыл түлегі». Бүгін ол, кеш болса да, аттестат алғанына қуанышты. Бостандықта мектепті 9-ыншы сыныптан кейін тастап кеткен. Ақша тауып, ата-анасына көмектесу үшін әртүрлі жұмыс істеп, ақыры түрмеден бір-ақ шыққан.
Андрей Мирзаянов, Қарағанды облысының АК 159/18 түзету мекемесіне қарасты №3 жалпы білім беретін мектеп түлегі:
2015 жылы осында келдім. Содан дереу мектепке жазылдым. Осындай мүмкіндік берген ұстаздарыма, мекеме әкімшілігіне рахмет. Енді дәнекерлеуші мамандығына оқуға түсемін. Бостандыққа шыққанда қолымда дипломым, жұмысым болуы керек. Отбасын құрып, дұрыс өмір сүргім келеді.
Колониядағы 3-інші мектепті биыл 25 адам тәмамдады. Педагогтар 18 бен 30 жас аралығындағы оқушыларына аттестатты салтанатты түрде табыстады.
Вилорий Ким, Қарағанды облысының АК 159/18 түзету мекемесі директорының орынбасары:
Олардың қолдарына қалам ұстатып, партаға отырғызу өте қиын. Өйткені ауыр қылмыс жасап, біреуге зиян тигізіп келген адамдардың ұстанымы басқаша. «Менің көрмегенім жоқ, бәрі бітті, не үшін оқимын?» дейтіндер бар. Тіпті, хат танымайтын, жазу білмейтіндері болады. Біз оларды қапаста босқа жатпай, уақытты пайдаға жаратуға шақырамыз.
Түзету мекемесінде мектеп 14 жыл бұрын ашылған. Осы уақыт аралығында 685 адам білім алып шыққан. Олардың арасында тіпті университеттерге түскендер де бар. Әрине, көбісі орта оқу орындарын тәмәмдап, осында жұмысқа орналасады.
Облыстағы
түзету мекемелерінде жалпы білім беретін 6 мектеп бар. Биыл ондағы 60 түлек
аттестат алған.
Айжан ҚУАШ