Түркістан облысындағы шамамен 12-13-ші ғасырларда бой көтерген Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі опырылып қалды. Тарихи нысан жаңбыр мен қар суына шыдас бермеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұнараға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Талай ғасыр тапжылмай тұрған жәдігер неге қайта жөндеуден соң бүлінді? Ел қазынасынан бөлінген 30 млн теңге желге ұшқаны ма? Өңірлік тілшіміз мемлекет қорғауындағы мәдени мұраға қатысты туындаған мәселеге жауап іздеп көрді.
Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылының тұрғыны Шалқар Мырышов тарихи нысанды бүтіндейміз деп жүргенде бүлінгеніне қапалы. 13-ші ғасырдан бері сақталған тарихи жәдігер 2021 жылы алғаш рет қайта жаңартудан өткен. Өтті деген аты ғана. Шын мәнінде мұнара сапасы бір жылдан кейін-ақ сыр бере бастады. Айтуынша, жазда сылбыр басталған жұмыс қыстың көзі қырауда, желтоқсан айында жүргізілгенінің өзі шошытыпты.
ШАЛҚАР МЫРЫШОВ, АҚСҮМБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Декабьрдің 9-ы күні мен осында келдім. Басында жұмысшылар жұмыс істеп жатыр екен. 12-13 градус аяз болып тұр, әрі жел боп тұр. Сол кездегі жұмыстары газбен суды жылытып, лай жасап, оны қоям дегенше мұз боп қатып қап жатыр. Мен сол кезде айтқам: сендердің мына жұмыстарың ертең күн жылығасын бұл өзі 7-8 ғасыр тұрған нәрсе, 5-6 жыл да тұрмайды ғой...Бұны қалай бүйтіп істеп жатырсыңдар деген кезде «біз білмейміз, бізге солай айтқан»- деп құтылып кетті.
Дешті-Қыпшақ даласының Қарауыл мұнарасы Ақсүмбе ауылынан батысқа қарай 1 шақырым жерде биік жота басында орналасқан. 2019 жылы республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштердің тізіміне енгізілген.
ҚАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
Алыстан қарасаңыз келіншектің сәукелесі сияқты бір мұнартып қарайды. Нешетүрлі аңыздар бар. Қандай болғанда да, қандай аңызға сайып келгенде де бұл біздің жәдігеріміз. Бұл –біздің тарихымыз. Бұл біздің кешегіміз. Кешегімізді бүгін сақтай алмасақ бізге сын!
Мұнараны жаңартуға 2020 жылы алғаш рет республикалық бюджеттен 30 млн теңге бөлінген. «Қазреставрация» ғылыми зерттеу және жобалау мемлекеттік мекемесінің Қызылорда филиалы тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Филиал басшысының айтуынша, оны білікті мамандар істеген. Ал құлаған мұнараның өзі емес дейді.
ЖАНБОЛАТ ҚАЛИАҚБАРОВ, «ҚАЗҚАЙТАЖАҢАРТУ» ШЖҚ РМК ҚЫЗЫЛОРДА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Мұнараның өзі құлаған жоқ. Бұл реставрация жасалған беткі қабаты ғана құлады. Жаңағы сапасыз жұмыс істеді деп жатқаны, кезінде жасалған дүние сол проект бойынша. Басқа материалы да, барлығы өзінің берілген материалымен өріліп салынған. Сосын ол арада маман жоқ, басқа жақтан келді деген нәрсе ол арада барлығы бұрыннан келе жатқан Қызылорда реставрация филиалының мамандары жұмыс жасаған.
Қазір бұл мәселеге байланысты арнайы жұмысшы тобы құрылған.
АЛТЫН ЕШЕНҚҰЛОВА, СОЗАҚ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі таңда ескерткіш тарихи көрінісін сақтап тұр. Егер қайта қалпына келтіру жұмыстары шешім қабылданатын болса ғылыми реставрациялық жұмыс тиісті лицензиясы, біліктілігі және тәжірибесі бар ұйыммен орындалатын болады. ҚР заңнамасына сәйкес ескерткіш тек толық физикалық жойылған жағдайда ғана тарихи –мәдени құндылық мәртебесінен айрылады.
Ендігі жұмыс арнайы комиссияның шешіміне сәйкес жүргізілетін болады.