Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Жамбылдағы жалғыз медициналық колледжінің оқытушылары мен студенттері жаппай наразылыққа шықты

AstanaTV
15.06.2017ж. 20:00
3193
Жамбылдағы жалғыз медициналық колледжінің оқытушылары мен студенттері  жаппай наразылыққа шықты

Колледж үшін талас. Таразда 1 жыл бұрын болған тендердің дауы басылар емес. Жекешелендірілген медициналық колледж директоры білім ошағын облыс басшылығындағы лауазымды адам тартып алғысы келетінін мәлімдеді. Ол кім? Ал дауға не түрткі? Колледж ұжымы мен студенттер наразылының себебін Данияр Әлімқұл біліп келді.

«Әділдік!» деп ұрандатқан ұжым құзырлы орган қызметкерлерін бір сәтте колледж алдына жедел жинады. Айтуларынша, колледжді "Тараз trаst" деген компания иемденгісі келеді. Ал қазіргі иесі "Даримет" серіктестігі колледжді тендер арқылы сенімгерлік басқаруға алған. Алайда, колледжді бұларға бергісі келмеген басқа компания, тендерде жеңілгеніне қарамастан, ауданаралық экономикалық сотқа арызданса керек. Ал сот тендер өткізуде "Даримет" пен қаржы басқармасы арасында жасалған келісімшартты бұзады. Сондықтан колледж басшысы, бұл компанияның артында облыс басшылығындағы адамдар тұр, деп топшылайды.

Айжан Арынғазина, «Даримет» ЖШС директоры:

Бұл топтың артында лауазымды адам тұр. Оған күмәнім жоқ. Сондықтан бұған Астанадан бақылау керек сияқты. Білсін біздің Жамбылдағы былықты. "Бізге кері қайтарыңдар" деді. "Егер олай етпегенде, басқа жолмен бәрібір тартып аламыз" деп қорқытып отыр.

Тендер әділ өткенін прокурорлар да тексеріп, заңсыздықтар анықталмағанын айтқан.  Тендерді ойнатқан қаржы басқармасы да бұған күмән келтірмейді. Ал «Тараз траст» компаниясының өкілдерімен тілдескісі келген тараптар оларды таппай отыр.

Әнуарбек Әбдіғапаров, Жамбыл облыстық қаржы басқармасы жекешелендіру бөлімінің басшысы:

«Тараз trаst»-тың өкілдерін бізде танымаймыз. Олар да "Дариметпен" қатар желтоқсанда тендерге қатысқан болатын. Сөйтіп ұтылып қалған болатын.  Өзіміздің тарапымыздан біздің бергеніміз заңды деп сотта айтқан болатынбыз.

Бұл даудан ұжымның мазасы қашқан. Олар колледжді қолға алған қазіргі қожайынына дән-ризамыз деп отыр.

Меруерт Илиясова, Жамбыл медициналық колледжі біліктілікті арттыру бойынша директор орынбасары:

"Даримет" серіктестігінің біздің колледжбен бірігіп жасайтын жоспарларының барлығы біздің педогогикалық ұжымды қанағаттандырады. Алдағы уақытта ЖОО ашсақ па деген ойлары бар.

Данияр Әлімқұл,  тілші:

"Тараз trаst" компаниясы басшыларының пікірін білмек болып едік, біз де оларды таппадық. Ал колледж директорының "компанияның артында аймақтағы атқамінерлер тұр" деген күдігін гранттың бөлінбеуі күшейте түскен. Өйткені жылдағыдай облыс әкімдігінен берілуі тиіс 375 гранттың биыл бір де бірі бөлінбепті. Бұлай жалғаса берсе, ұжымда қысқарту жүрмек.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ