Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Елде алғаш рет алимент төлемеген адам сотталды

AstanaTV
15.06.2017ж. 20:00
2748
Елде алғаш рет алимент төлемеген адам сотталды

Елімізде алғаш рет алимент төлемеген азамат сотталып, темір торға тоғытылды. Павлодарлық сот баласын асырауға арналған өтемақыны аударудан бас тартқан әкеге 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Қадағалау органы өкілдерінің айтуынша, бұл өзге борышкерлерге сабақ болуы тиіс. Анықталғандай, әйелімен ажырасқан павлодарлық кәмелетке толмаған ұлына жеті жыл бойы алимент төлемей келген. Осы уақыт аралығында тек 60 мың теңге ғана аударыпты. Прокурорлар тексере келе, сотталушының тұрақты кірісі болғанын анықтаған. Тіпті, былтыр анасы алименттік қарызды жапсын деген ниетпен ұлына 440 мың теңге несие алып берген көрінеді. Алайда, бұл соманы ол бәс тігіп, ұтылып қалған. Сондықтан осындай шара қолдануға тура келді,-дейді прокурорлар.

Данияр Қалымбетов, Павлодар қалалық прокуратурасының аға прокуроры: 

Балаларын асырауға арналған өтем 2 млн теңгеге жеткен. Ол тұрақты жұмыс істемегенімен, оның үнемі кірісі болған. Ол кірістерін өзінің мүддесіне жұмсаған. Сонымен қатар, букмекерлік контораларда ставка тігіп, соған жұмсаған.

Облыстық әділет департаменті берген ақпарға сәйкес, өңірде алимент өндіріп алуға қатысты 10 мыңға жуық іс тіркелген. Қазірде 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, олар іздестіріліп жатыр.

Шынар Тавлютова, Павлодар облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары:

Оның ішінде 180 құжат проблемалы. Жалпы сомасы 117 млн-нан асып түседі. 14 құжат бойынша 17 млн теңге қордаланған. Бұлар 3 айдан бері алимент төлемеген борышкерлер болып отыр. Қалғанының алимент төлемегеніне жарты жылдан асып кеткен.