Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Журналистер бір күн бойы полицейлердің жұмысын атқарды

AstanaTV
15.06.2017ж. 20:00
3329
Журналистер бір күн бойы полицейлердің жұмысын атқарды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жыл басынан бері 27 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтаған. Бүгін теріскейдің тілшілері арнаулы киім киіп, полицейлердің рөліне енді. Шара Қазақстан полициясының 25 жылдығына және БАҚ күніне орайластырылған. Тәртіп сақшыларының күн тәртібін тілшіміз Абзал Құрманкин біліп көрді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Ішкі істер департаменті ұйымдастырған баспасөз туры көше қозғалысын басқарудан басталды. Көлік жүргізушілері көше қиылысындағы реттеушілердің жұмысын оңай деп санайды. Алайда, шын мәнінде бір уақытта төрт бағытты қадағалау, сондай-ақ көліктердің жол ережесін бұзбауын бақылау қиын екен.

Айдын Байматов, СҚО ІІД жергілікті полиция басқармасы басшысының орынбасары:

Көшелерде темір тұлпарлар қаптап кеткен кезде полицейлер көлік қозалысын реттеуге шығады. Сондай-ақ, Петропавлда 3 интеллектуалды бағдаршам орнатылған. Оның жан-жағында камералар тұр. Біз соның көмегімен 1096 заңбұзушылық анықталған.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қала көшелеріндегі тәртіпті жол патрульдік полициясы бақыласа, шаһардың шеткері аудандарын атты тәртіп сақшылары күзетеді. Олар жазды күні күшейтілген режимге көшеді. Өйткені, бұл кезде ұрылар белсенділік танытады.

Егенберді Балтабаев, СҚО ІІД жол-патрульдік полициясының атты полицейі:

Біз екі ауысым бойынша жұмыс істейміз. Дачный массивтерден бөлек, өзен бойын аралап жүреміз. Онда да тәртіп бұзатындар кездеседі. Күніне кемінде 1-2 заңбұзушылықты анықтаймыз.

Абзал Құрманкин, тілші:

Бүгінде кинологиялық орталықтың қарамағында 43 қызметтік ит бар. Ұсақ төртаяқтылардың мұрынмен сезу қабілеті дамыса, ірі жануарлар қылмыскерлерді ұстауға үйретілген.

Самат Төлебаев, СҚО ІІД кинологиялық орталық қызметінің басшысы:

Жыл басынан бастап қызметтік иттердің көмегімен заңсыз айналымнан 3 келіден артық есірткі тәркіленіп, 400-ден аса қылмыстың беті ашылды. Біз осыған дейін иттерді Алматыдан әкелетінбіз. Енді биылдан бастап асыл тұқымды иттер санын өзіміз көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Абзал Құрманкин, тілші:

Ай сайын полицейлер әскери полигонда шеберліктерін шыңдап отырады. Себебі, тәртіп сақшысы қай бағытта жұмыс істесе де, оған қойылатын ең бірінші талап - физикалық мықтылық пен қырағылық. Жалпы, күні бойы полицейлердің жұмысын істеген біз бұның шын мәнінде адал еңбек екеніне көз жеткіздік.

А.ҚҰРМАНКИН