Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Президент Астана экономикалық форумына қатысуға келген бір топ шетелдік сарапшылармен кездесті

AstanaTV
16.06.2017ж. 20:00
2261
Президент Астана экономикалық форумына қатысуға келген бір топ шетелдік сарапшылармен кездесті

АҚШ-тың климат бойынша Париж келісімнен шығуы және Катар төңірегіндегі жағдай қоғамдағы тұрақты дамуды қиындатады. Бүгін Нобель сыйлығының лауреаттары мен белгілі экономистермен кездескен президент осылай деді. Мемлекет басшысы: "Түрлі елдердегі экологиялық проблемалар, жаһандануға қарсылық үдерісі, көші-қон ағыны мен патернализм сауда жасауға, өзара қарым-қатынасқа және интеграцияға кедергі келтіріп жатыр", - деді. Мемлекет басшысы теxнология көз ілеспес жылдамдықпен дамыған кезеңдегі саяси-экономикалық жүйенің өзгерісіне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жақында Шанxай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммитін өткіздік. Сол кезде ұйымның құрамына Үндістан мен Пәкістан қабылданды. Осылайша, қатарымыз 3 млрд адамнан асты. Бұл әлемдік экономикада ғана емес, әлемдік саясатта да басты фактор болып саналады  Тынық мұxиттан Батыс Еуропаға дейін жалғасатын Жібек жолы жанданып келеді. Нәтижесінде жаңа саяси-экономикалық полюстар қалыптасып, ол да шынайы өмірдің көрінісіне айналды.

Давид Даокуи Ли, ҚХР әлемдік экономика орталығының директоры:

Қазақстан Қытай үшін маңызды экономикалық әріптес болып саналады. Екі ел арасындағы сауда-саттық пен өзге де байланыстар артып келе жатқаны қос тарапқа да тиімді деп ойлаймын. Ал Астана халықаралық деңгейдегі ірі экономикалық әрі саяси алаңға айналып келеді. 

Елбасы түрлі елдердегі экологиялық проблемалар, көші-қон мәселесі мен өзге де қиындықтар интеграцияға кедергі келтіретінін айтты. Осыны болдырмаудың жолын іздеу үшін кеңес құрғысы келгенін жеткізді. Ал Қазақстан Катармен дипломатиялық қатынасты үзу туралы араб елдерінің алауыздығын келіссөз арқылы шешуге шақырып келеді. Таяу шығыстағы шиеленіс доллардың қымбаттауына әкеп соқтырды деген пікір айтып жатыр. Көк қағаз бүгін Астананың ақша айырбастау орындарында 319-321 теңге аралығында саудаланды.