Техастағы мегашіркеудің бұрынғы пасторы және АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы кеңесшісі Роберт Моррис 1982 жылдан бастап 4 жыл бойы жас қызға жыныстық зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған.
Бұл туралы Оклахоманың бас прокуроры хабарлады.
Даллас пен Форт-Уэрттегі мегашіркеудің негізін қалаушы және президент Дональд Трамптың бұрынғы кеңесшісі кәмелетке толмаған қызға жыныстық зорлық жасады деп айыпталып отыр. Болжалды оқиғалар 1980 жылдары болған.
— Оклахоманың үлкен алқабилер соты 12 наурызда 63 жастағы Роберт Престон Морристі кәмелетке толмаған қызға азғындық танытты деп айыптады. Болжалды сексуалдық зорлық-зомбылық 1982 жылы желтоқсанда Моррис Рождество күні Оклахома штатының Хомини қаласындағы қыздың отбасына барған кезде басталып, төрт жыл бойы жалғасты. Болжалды жәбірленуші сол кезде 12 жаста болған, — делінеді Оклахома бас прокурорының пресс-релизінде.
Бас прокурор Гентнер Драммонд балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасаушыларға шыдамдылық танытуға болмайтынын айтты.
— Бұл істің жексұрын болғаны сонша, қылмыскер өз қызметін пайдаланды. Бұл іс бойынша жәбірленуші әділеттілікті тым көп жыл күтті, — деді ол.
АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы кеңесшісі 63 жастағы Роберт Моррис жас қызға азғындық жасағаны үшін кінәлі деп танылса, 100 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін Роберт Моррис 2024 жылы балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған соң президенттің кеңесшісі қызметінен босатылған еді.
Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлайды.