Ақтау қаласында көліктердің отқа орануы толастар емес. Жыл басынан бері 117 оқиға тіркелген. Жанып кеткендердің дені газға ауыстырылған көліктер. Ал Маңғыстау облысындағы көліктердің 70 пайызы сұйық газбен жүреді. Арзан қондырғы орнатуға құмар жүргізушілер қауіпсіздікті ескере бермейді дейді мамандар. Абырой болғанда, өрттен адам шығыны жоқ. Үнемдеймін деп өмірін қатерге тіккендер жайлы келесі бейнематериалда.
Маңғыстау облысында 175 мың көлік тіркелген. Темір тұлпары көп өңірлер тізімінде төртінші орында. 70 пайызы сұйық газбен жүреді. Бұған төтенше жағдай қызметкерлері алаңдап отыр. Өйткені өрттің 40 пайызы сұйық отынмен жүретін көліктерге тиесілі екен.
Азамат Сейталин, Маңғыстау облыстық ТЖД бас маманы:
Иә, сан жағы алаңдатып отыр. Айта кетері, көліктер азаматтық қорғау органдарымен бақыланбайды. Біз олардың техникалық жағдайын ғана тексереміз. Бірақ көліктің электр мүмкіндігі, электрикасы мен жанармай жүйесі тексерілмейді. Көбіне тежегіш жүйесі ғана тексеріледі.
Сұйық газға такси жүргізушілері құмар. Бензин бағасы қымбаттағалы қымбат, жол талғамайтын темір тұлпарлар да көгілдір отынға ауыстырылып жатыр. Газдың 1 литрі 35 теңге тұрса, жүргізушілер арасында танымал АИ-92 маркалы бензині 142 теңге.
Венера Мустапаева, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:
Энергетика министрлігі Маңғыстау өңіріне ең көп лимитті бөлді. Бұл жерде біздегі көлік саны ескерілді. Темір тұлпарлардың саны күн санап артпаса, азаймай отыр. Әрбір кәсіпкер мен әр тұрғын қалтасындағы ақшасын санай біледі.
Болат Ағанбаев, такси жүргізушісі:
Мәселен, 10 литр газбен мен 100 шақырымдай жүре аламын. Бензинмен соншалықты жол жүруім екіталай. Әсіресе, қаланың ішінде. Бакты бір толтырып алсам, 380 шақырымға жетеді. Сөйтіп мен 1 жарым мың теңгеге 3 күн бойы жүремін.
Өкінішке орай, жанармайға үнемдеймін деген тұрғындар қауіпсіздік мәселесін естен шығарады. Баллонды орнатқан олар оны қалай тексеру керектігінен бейхабар. Сондай-ақ, қойылатын қондырғылары да өте арзан. Жүргізушілердің 90 пайызы 80-90 мың теңгелік құрылғыны сатып алады. Алайда, сапалысының құны 150 мың теңгеден кем емес,-дейді мамандар.
Данияр Мырзабек, газ қондырушы маман:
Адамдардың өздері де кінәлі. Олар ең арзанын таңдайды. Тіпті, тапқан күннің өзінде жеңілдік сұрайтындары бар. Үш жылдан соң көлік жанып кетеді. Ақыры бәріне газды кінәлайды. Шындап келгенде, бұл олардың салғырттығының кесірінен туындаған.
Көліктің
техникалық тексерісі газ баллоны қондырғысының агрегаттары мен түйіндерін де
қамтуы тиіс. Жағдайға алаңдаған төтенше жағдай қызметкерлері комитетке осындай
ұсыныс жіберген. Ал сарапшылардың пікірінше, мұны заңды түрде бекіту қажет.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ