$496.41 €542.77 ₽6.05
×

Конституциялық сот - заң мен тәртіптің сақталуына серпін беретін пәрменді тетік

AstanaTV
19.03.2025ж. 15:02
181
Конституциялық сот - заң мен тәртіптің сақталуына серпін беретін пәрменді тетік
Фото: Qazaq газеті

Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған түбегейлі саяси реформалар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден басталған болатын. Депутат Үнзила Шапақ бұл Конституцияға өміршең серпін беріп, либерал-демократиялық құндылықтардың елімізге дендеп енуіне, дамудың жаңа белесіне көтерілуге негіз болғанын айтты, деп хабарлайды Astana TV.

Соның ішінде, айрықша, шоқтығы биік өзгерістің бірі – Конституциялық соттың жаңадан құрылуы дер едім. Өйткені бұл – заң мен тәртіптің, адам құқығының сақталуына серпін беретін бірден-бір пәрменді тетік. Енді осынау Конституциялық сот Әділетті Қазақстан құрып жатқан құқық жүйесіне не берді? Осыған тоқталып өтейін.Біріншіден, Конституцияның үстемдігін толыққанды қамтамасыз етуде билік тармақтарындағы тежемелілік пен тепе-теңдік жүйесін, мемлекеттік биліктің тұрақтылығын сақтауға жол ашылды. Демократиялық жаңғыру мен әділетті қоғам құру жолында маңызды қадамдар жасала бастады, - деді ол.

Президент пен Парламент сайлауын өткізудің дұрыстығын, тіпті референдумның барысын бақылайтын толыққанды институтқа айналды.

Екіншіден, адам құқығын қорғаудың конституциялық механизмін кеңейтті. Бұрын Конституциялық кеңеске Президент, Премьер-министр, Парламент палаталарының спикері, депутаттар санының бестен бірі және судьялар ғана жүгіне алатын. Қазір бұл аталғандардан басқа еліміздің Бас прокуроры, адам құқығы жөніндегі Уәкіл, сонымен қоса барлық азаматтар жүгініп, өз мәселесін шешуге мүмкіндік алды, - деді ол.

Үшіншіден, қолданыстағы заңдардың және олардың жекелеген нормасын Конституцияға сәйкестігін тексеру құзыреті қарқынды жұмыс істеуде. Конституциялық сот құрылғалы 9000 мыңнан астам азамат жүгініп, оның 8 пайызға жуығы конституциялық өндірістен өтіп, өз шешімін тапты. Сөйтіп, бұрыңғыға қарағанда конституциялық құқықтық мониторинг ауқымы кеңейіп, нормативтік-құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігін тексеру нәтижесі заң шығару үдерісінің сапасын арттыруға, заңнаманың жетілдірілуіне негіз болуда.