"Қазақмыс" шахтасында жазатайым оқиға орын алып, 30 жастағы жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақмыс" компаниялар тобы 2025 жылдың 19 наурызында Ұлытау облысында орналасқан Шығыс-Жезқазған кенішінде жазатайым оқиға орын алғаны туралы қайғыра хабарлайды, - делінген компания таратқан хабарламада.
№57 шахтада тауарлық-материалдық құндылықтарды түсіру кезінде 1994 жылғы жұмысшы жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысшы оқиға орнында көз жұмды.
Оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталуда, жазатайым оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды.
"Қазақмыс" компаниясының басшылығы мен ұжымы марқұмның жақын туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Қаза тапқан жұмыскердің отбасына ұжымдық шартта қарастырылған барлық қажетті көмек көрсетіледі, оның ішіне жерлеу шығындары да кіреді, - деді "Қазақмыс" компаниялар тобы.