$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Қызылордада этнос өкілдері Наурыз мейрамын атап өтті

Қызылордада этнос өкілдері Наурыз мейрамын атап өтті

Өзге ұлт өкілдері де Наурыз мейрамын тойлауды бастап кетті. Бірлігі жарасқан қызылордалық тұрғындар "Ынтымақ күніне" орай ұйымдастырылған мерекелік шараны дүбірлетіп атап өткен. Қаны басқа болса да жүрегі қазақ деп соғатын азаматтар салт-дәстүрлерді ұлықтап, ұлттық ойындарды дәріптеді.

Қызылордада 35 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бүгін сол ауызбіршілікпен Наурыз мейрамын сән-салтанатымен атап өтті. Ирина Шек бұл күнді асыға күтетінін айтады. Оның жолдасы корей, өзі неміс ұлтынан. Соған қарамастан қазақтың жаңа жылын ерекше атап өтеміз дейді.

ИРИНА ШЕК, ОБЛЫСТЫҚ НЕМІС ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Наурыз  мейрамын жылда «Достық үйінде» керемет атап өтеміз. Қазақтың ұлттық ойындарын ұйымдастырамыз. Жаңа асық аттым, өте тамаша ойын. Ерекше әсерде тұрмын. Бұл мейрамды отбасымда да тойлау дәстүрге айналған. Ет асып, қонақ шақырып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм ұсынамыз.


Жиналғандар ләңгі теуіп балалық шақтарын еске түсіріп, мәре-сәре. Қол күрестіріп, арқан тартып білектің күшін де сынады.


БАҚЫТЖАН КАМАЛОВ, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ ДИРЕКТОРЫ:

Ынтымақ күніне орай барлық этностардың өкілдері белсене қатысып, өзіміздің ұлттық құдылықтарымызды дәсіптеу мақсатында бірінші кезекте ұлттық ойындарға мән беріп, достық, бауырмалдығымызды арттыру үшін ұлттық ойындардан сайымызды өткізіп жатырмыз. Мұндағы мақсатымыз біздің береке-бірлігімізді дәріптеу, одан әремнқарай жалғастыру болып саналады.


Мәдени көпшілік шараларда да түрлі ұлт өкілдері белсенділік танытып, «ынтымақ үйін» тігуді дәстүрге айналдырған. Бұл оларды жақындастырып, достықтарын нығайта түседі.  Халықтың бірлігі мен татулығын дәріптейтін бұл күннің  маңыздылығы осында.