Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Лондонда жаяу жүргіншілерді көлік қағып, салдарынан 1 адам қаза тапты

AstanaTV
19.06.2017ж. 20:00
2633
Лондонда жаяу жүргіншілерді көлік қағып, салдарынан 1 адам қаза тапты

Лондонда мешіттен шыққан мұсылмандарды көлік қағып салдарынан 1 адам қаза тапты, тағы 10 адам жарақат алған. Британдық полиция осындай ақпар таратты. Қала мэрі әлеуметтік желідегі парақшасында оқыс оқиғаға теракт деп баға берген. Құқық қорғау органдары нақты ештеме айтпай отыр. Оқиғаға жауапкершілікті ешкім мойнына алған жоқ. Ал соңғы сағаттарда ДАИШ содырлары көшбасшынан айрылды. Әл-Бағдади көз жұмды деген ақпар тарап жатыр.  

Лондон тағы бір қаралы хабардың ошағына айналды. Соңғы айда осымен төртінші рет адам өлімі тіркеліп отыр. Ал көлікпен адам қағу үйреншікті әдетке айналып бара жатқандай. Түн ауа намаздан қайтқан мұсылмандарды жүк көлігі соғып өткен. Оқиға куәгерлері кем дегенде 3 адам қаза болды,- дейді. 

Адамдар мешітте намаз оқып қайтып бара жатты ғой. Қазір рамазан айы. Бұл іс кімге не үшін қажет? Шынымды айтсам, өте қапалымыз. 

Ол жаяу жүргіншілер жолына шығып мұсылмандарға қарай жүрді. Жылдамдықты жақындаған сайын арттырып, адамдарды қақты.

«Times» газеті жүргізушінің «Барлық мұсылмандарды өлтіргім келеді!» деп айғайлағанын жазды. Қазір бұл іске қатысы бар екі күдікті іздестіріліп жатыр. Бұған дейін Манчестер,  Вестминстер, Лондон көпірінде болған терактілерді ДАИШ өз мойнына алған болатын. Қазір олар ауыз ашпады. Себебі содырлардың да жағдайы мәз емес сыңайлы. Ресейдің қарулы күштері олардың көшбасшылары саналатын Әбу Бәкір әл-Бағдади әуе соққысы кезінде көз жұмды,- дейді. Бірақ ақпарат әлі расталған жоқ. 

Сергей Лавров РФ Сыртқы істер министрі:

әл-Бағдадидің көзі жойылды деген ақпарды 100 пайыз растайтын мәлімет жоқ. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай қоқан лоққылардан кейін де теріс ағымдағы қозғалыстар қайта қалпына келіп, өз ісін жалғастыра береді.

ДАИШ-тің әрекеттері Ирак пен Иранның да қытығына тиіп болғандай. Көрші елдер бір уақытта Сирияда орналасқан террористердің базасына оқ жаудырды. Мосулда орналасқан ескі қалаға қарай бет алып, жартысын қайтарып алу да жоспарында бар екен.

Мұхаммед әл-Худхари, Ирак қарулы күштерінің баспасөз хатшысы:

Біз қазір жауға бір табан жақындай түстік. Бірнеше минут бұрын жарылған автокөліктердің дауысын естіген шығарсыздар?! Адам өлтіріп, халықтың көз жасын төккен ДАИШ-тің қашқанын көріп, бұл жерде тұру қиын. Мосулда жеңіліс тапқан олар аман қалу үшін қарапайым халықты құрбан етуден тайынбайды. 

Әл-Бағдади қаза тапқан күннің өзінде ДАИШ-тың ендігі қадамы қандай болатыны белгісіз. Сарапшылар, бұл теракт азаяды деген сөз емес, дейді. Сондықтан Лондон мен Берлиннің тәртіп сақшыларының жұмысы азая қоймасы анық.