Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Мәжіліс спикері Н.Нығматулин журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады

AstanaTV
22.06.2017ж. 20:00
4574
Мәжіліс спикері Н.Нығматулин журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады

Журналистер күні қарсаңында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин БАҚ өкілдерін мерекемен құттықтап, «Парламент сөзі» сыйлығын табыстады. Биыл жаңадан тағайындалған марапат  алғашқы иелерін тапты. Ақпарат айдынында жүрген мамандар бұл күні өзгеше көңіл-күйде. Үлкен мәжіліс залындағы депутаттардың орнына отырып, халық қалаулыларының құттықтауын тыңдап қайтты. Толығырақ Айбек Қосан айтады.

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты». Нұрлан Нығматулин жиынды Алаш қайраткері Міржақып Дулатовың осынау ойлы сөздерімен бастады. Журналистердің парламент жұмысын халыққа жан жақты көрсетіп, заңнамаларды уақытылы әрі түсінікті етіп насихаттауы екі жақты сенімді білдіреді,- деді мәжіліс төрағасы. Сондай-ақ, қалам ұстаған қауымның жыл он екі ай тынымсыз еңбек етуі, қашанда лайықты бағасын алуы тиіс екенін баса айтты. 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Сіздер күн демей, түн демей, осы елімізде барлық атқарылып жатқан жұмыстарды көрсету үшін, аянбай қызмет жасап келесіздер. Сол арқылы, Елбасымыз айтқандай, 25 жыл ішінде барлық жұмыстарды барлық әлемге, елімізге жеткізіп, осы дамуына зор үлес қосқан журналистердің де рөлі зор. Осы ауыр, жауапкершілігі зор қызметте сіздерге тек қана шығармашылық табыс тілейміз.

Парламент сыйлығынан 80 жуық тілші үмітті болған. Арнайы комиссия барлық жұмыстарды қарап, әділ шешім шығарыпты. Маңызды тақырыптарды көтеріп, парламент қабырғасында қаралған заңнамаларды халыққа бірінші болып жеткізетін «Астана» арнасының тілшісі Айгүл Әдепбай «Арнайы репортаж» аталымына ие болды. Парламенттік журналистиканың дамуына үлес қосқан ардагер журналист Сарбас Ақтайұлы ұйымдастырушы тарапқа алғысын білдірді.

Сарбас Ақтаев, журналист, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері:

Қадірлі қауым, қадірлі қаламдастар, менің әріптес іні-қарындастарым және тұрғыластарым! Осындай жас жерортадан асып, жетер жеріне жақындап қалғанда, қарт жүрегіне қуат болсын деп, осындай алқалы жиынға шақырып, әріптестерімнің алдында құрмет көрсетіп отырған парламентке мың да бір алғыс айтамын.

Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні елімізде 28 маусым күні тойланады. Билік пен халықтың арасында ажырамас алтын көпір болатын БАҚ өкілдері осылайша, жылына бір мәрте марапатқа ие болып, ақпарат аламанына қайта оралады.

Айбек ҚОСАН