$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Сүт өндірудегі проблемалар.

AstanaTV
24.06.2017ж. 20:00
6297
Сүт өндірудегі проблемалар.

Табиғи сүтке жақын ғой деп, сақталу мерзімі бірнеше күн сүт алуға тырысамыз. Ал жалпы, құрамы қандай өзі? Пайдасы да,зияны да жоқ сылдыр су емес пе? Негізі, қолдың сүтінің де құнарлылығы төмендеп, майлылығы азайған. Оны сүт өндіруші кәсіпорындардың иелері айтып отыр. Жалпы, сүт өндірудегі проблемаларды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Абзал Құрманкин зерттеп көрді.  

Мал ұстауды жастайынан кәсіп еткен Ербол Такеновтың қазір алты сиыры бар. Отағасы күніне жетпіс литр сүт тапсырып, нәпақасын тауып отыр. Былтыр сүт бағасының өсуі шаруаға қосымша пәрмен болды. Тиімді кәсіптің кілтін тапқан Ербол болашақта мал басын көбейтуді көздейді.

Ербол Такенов, шаруа:

Қазір алты бас сиырымыз бар. Келешекте солардың бұзауларының бәрін сиыр қылатын ниетіміз бар. Біраз сиырдың басын көбейтетін болсақ, дойка алып, Алла жазса, сауынды көбейтетін ойымыз бар. Өз ақшамызға мал ұстап жатырмыз ғой. Мал тапсырамыз, қойларымыз бар.

Сүтті қабылдау құнының он пайызға өсуі шаруалардың шикізатті зауыттарға  жаппай тапсыруына түрткі болды. Қазір Солтүстік Қазақстандағы 15 сүт өңдеу кәсіпорындарының ешбірі де шикізат тапшылығын сезіп отырған жоқ. Алайда, кейбірінің сиыр өнімінің сапасына көңілі толмайтын көрінеді. Мәселен, май шығару кәсібін дөңгелетіп отырған «Ростан» серіктестігі жеке секторға сенімсіздік білдіреді. Бүгінде кәсіпорын Қызылжар өңірімен қатар, Ақмола, Қарағанды және Атырау облыстарының нарығын бағындырған. Ресей жақтан да өнімге деген сұраныс артып отыр. Алайда, көрші елдің тұтынушыларын бағамен емес, тек сапалы тауармен ғана тартуға болады, дейді серіктестік басшысы.

Владимир Ростовщиков, май зауытының директоры:

Қазір біз екі шаруашылықпен және ауылдарда сүт жинайтын он төрт адаммен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ ауыл тұрғындары кейде сүтке су қосып жібереді. Бұл өнімнің майлылығына кері ықпал жасайды. Әрдайым «бүлікшілермен» күрес жүргізіп отырамыз. Негізінде жұмысты шаруашылықтармен жүргізген тиімді.

«Молсервис» серіктестігі де мал шарушылықтарына басымдық береді. Себебі, кәсіпорындарда мал үнемі қатаң тексерістен өтіп отырады. Зауыт күніне сүттің он бес тоннасын өңдейді. Шикізаттың елу бес пайызын ірі фермалардан сатып алса, қалған бөлігі жеке секторға тиесілі.

Елена Семенова, зертхана меңгерушісі:

Серіктестіктер жүйелі түрде жұмыс істейді. Олар жем-шөпке көп көңіл бөледі. Малдардың жағдайын күнде бақылайтын ветеринары бар. Ал жеке секторда сиырларды әркім әрқилы күтеді. Бұл, әрине сүттің сапасына әсер етеді.

Бүгінде шикізаттың маусымдық қамтылуы да жергілікті сүт өңдеу зауыттарына ыңғайсыздық туғызып отыр. Жазды күні шаруалардың барлығы бар сүтін өткізуді мақсат тұтса, қыс мезгілінде олай емес - тиісінше, кәсіпорындарда тапшылық пайда болады.

Бауыржан Ахметаев,  «Атамекен» ҰКП СҚОФ агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы:

Қысты күні өндіріс ошақтарының қарқыны бәсеңдей түседі. Өйткені, сүт жетіспейді. Жаз мезгілінде қыстан қарағанда сүт тоғыз есе көп өндіріледі. Бұның негізгі себебі – өңіріміздегі шикізаттың жетпіс пайызы жеке сектордың иегілінде.

Қазір мезгілдік шикізат мәселесін шешу жолында «Агробизнес 2020» бағдарламасы нәтиже беріп келеді. Жоба аясында шаруалар сүтті-тауарлы фермаларды ашу мүмкіндігіне ие болды. Енді тек асыл тұқымды малды ғана емес, қарапайым сиыр басын көбейтуге  болады. Табиғаттың заңына бағынбай, қолдан ұрықтандырудың арқасында сиырлардың бұзаулауын жоспарлауға мүмкіндік туды. Ізінше ферма иелері сүтпен жыл бойы үздіксіз қамтылады. Осындай жобалардың бірі Тайынша ауданындағы Краснокаменка ауылында жүзеге асты.

Жомарт Ахметов, сүтті-тауарлы ферманың жұмысшысы:

Бұл фермаға төрт ай болды. Бізде 120 бас сиыр бар. Олар бір жарым тонна сүт береді. Бізде бес сауыншы бар. Олар қолмен саумайды, доильный аппаратпен.

Қазір елдің түкпір-түкпірінде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып жатыр. Ширатып айтсақ, азғантай малы бар шаруалар бас қосып, ортақ ұжым құра алады. Артынша сүтті бір қоймада жинап, оны қымбат бағаға өткізуге мүмкіндік бар. Мемлекеттік демеу қаржының арқасында қайта өңдеу зауыттары кооперативтерден сүтті 70 теңгеден емес, 95-тен қабылдауы шарт. Бұл екі жаққа да тиімді болса керек. Жеке сектор иелері сиыр өнімін ұтымды өткізсе, кәсіпорын өкілдері кооперативтен сапалы шикізатты талап етуге құқылы.

Күлпан Есмағұлова,  ауыл шаруашылығы кооперативінің төрайымы:

Кооперативтің құрамында 900 бас бар. Алты жүзден аса халық бар кірген. Участниктер. Күніне он екі тоннадай сүт аламыз қазіргі уақытта. Халық риза. Біз сүтті әкеліп, суытып, сосын маслоделмен жұмыс жасап жатырмыз.

Елнұр Сыздықов, «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ  СҚОФ несиелік менеджері:

Ынтымақ бағдарламасы бойынша тасымалдаушы машиналар, салқындату танкерлер,  инкубаторлар және мал сою пунктарын сатып алу үшін он тоғызыншы маусымға дейін 195 жоба 582 миллион теңгеге несие берілді. Соның ішінде он жеті кооператив ұлғайып, жетпіс сегіз ферма қаржыландырылды.

Қайта өңдеу зауыттарын тағы бір мәселе алаңдатып отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған Қазақстан ортақ ережеге сай, тауар өңдірушілерді қаржылай қолдауын тоқтатуы тиіс. Демек кәсіпкерлер қосымша құн салығын төмендетілген мөлшерлемемен төлеу мүмкіндігінен қағылмақ. Қазір өндіріс ошақтары аталған салық түрін белгіленген 12 пайыздың орнына, 4 пайыздан ғана өтеп жүр. Төбе шашы тік тұрған кәсіпкерлер енді тығырықтан шығар жолды іздеп әлек.

Сергей Чепурко, сүт өңдеу зауытының директоры:

Біз батыс елдері сынды өнімге түрлі қоспаларды қосып үйренген жоқпыз. Табиғи таза тауар шығаруға тырысамыз. Осының кесірінен бәсекелестік ортада оқ бойы алға шығу қиынға соғып отыр. Бүгінде менің кәсіпорынымның табысы алты пайызға тең. Жылдың аяғына дейін қосымша құн салығын төрт пайыздың орнына, он екі пайыз төлейтін боламыз. Демек, шығынға батуымыз мүмкін. Банкротқа ұшырамау үшін әлгі салыққа кеткен ақшаны тауардың өзіндік құнына қосамыз. Демек, өнім бағасы өсуі мүмкін.

Өнім бағасы өссе, жергілікті тауар өндірушілер өз тұтынушыларынан айырылуы мүмкін. Бұл орайда  нарықты шетел тауарларының жаулап алатыны сөзсіз. Бұндай сценарийге жол бермеу үшін қазір ұлттық палата өкілдері Дүниежүзілік  сауда ұйымының шартына сай, сүт саласына тұтастай жеңілдік беруді қарастырып отыр. Алайда бұл жағдайда тек отандық өндірушілер ғана емес, өзге елдің кәсіпорындары да Қазақстанның демеуіне ие болады. Тағы біздер емес, шетелдіктер ұтып кетпек. Сондықтан қазір құзырлы орган өкілдері Қазақ елінің табысын ұлғайтатын амалдарды іздеп әлек.

Абзал Құрманкин «Біздің уақыт».