Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Литий - «ақ мұнай». Және кәдімгі мұнай нарығына орай бірер сөз.

AstanaTV
24.06.2017ж. 20:00
5116
Литий - «ақ мұнай». Және кәдімгі мұнай нарығына орай бірер сөз.

Шетел инвесторларының кезекті кеңесінде Президент Н.Назарбаев инвесторларды еліміздегі баламалы энергетика жобаларына қатысуға шақырды. Менің тоқталғым келетін деталь – литий. Иә, иә, Менделеев кестесіндегі ЛИТИЙ элементі. Н.Назарбаев әлемде сирек кездесетін металлдар қолданылатын технологиялардың дамып жатқанын айтып, литийге арнайы тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

По оценкам экспертов, спрос на литий к 2025 году может утроиться до 550 тысяч тонн в год. Поэтому литий окрестили белой нефтью. Казахстан имеет большие запасы различных редкоземельных металлов, в том числе и лития. Предлагаю инвесторам рассмотреть данный сектор для инвестирования.

2025 жылға қарай бұл металлға сұраныс жылына 550 мың тоннаға жетеді екен. Оны «ақ мұнай» деп атайды. «Біздің елімізде сирек кездесетін литий де бар, инвесторларды осы саланы қаржыландыруды қарастыруға шақырамын», - деді Президент. Литий смартфондар мен электромобиль өндірісінде қолданылады. Дәлірегі – батареяның негізгі материалы Оның бағасы жыл сайын қымбаттап барады. Былтыр литий карбонатының 1 тоннасы 6 мың доллардан 20 мың долларға бір-ақ көтерілген. 

Илон Маск Teslа электромобилінің 2018 жылы 500 мың данасын шығаратынын мәлімдеп, ол үшін әлемде өндірілетін барлық литийді сатып алу керектігін айтқан. Яғни біз осы нарыққа – литий нарығына қосылуға ұмтылуымыз керек. Кейбір мамандар Қытаймен бірге литий-ион батареяларын шығаруды ұсынады. -Тездетпесе болмайды, инвестиция алуға Ресей де таласпақ, себебі оларда да литий қоры бар, - дейді сарапшылар. 

Бір жаманы, бізде литий қоры нақты есептелмеген. Геологиялық барлау жүргізуге қаржы керек. Литий еліміздің шығысында – Алтай тауларының Сарыарқаға жалғасатын үстірттерінде. Сонымен бірге Арал орнындағы тұзды жерлерде де болуы мүмкін. Өйткені Оңтүстік Америкада бұл металлды құрғап қалған тұзды көлдердің табанынан өндіреді. Кеңес өкіметі кезінде Арал түбіндегі тұзды жерлерде литий қоры бар деген байлам жасалған көрінеді. Яғни перспектива бар. Мәселе мың сан мүмкіндікті пайдалана алуда. Кейде стол толы «асыл тасты» тізіп, «моншақ» жасай алмай отырған олақты елестетемін...

Инвесторлар кеңесіне келген әлемдегі алып концерндердің бірі - Royal Dutch Shell мұнай-газ компаниясының басшысы Бен ван Берден біздің арнаға берген арнайы сұхбатында, соңғы 3 жылда 10 мыңнан астам жұмысшы, қызметкерін қысқартқандарын айтты. Мұнай нарығы тербелуін қояр емес. Ал Катарға орай басқа араб елдерінің ультиматумы «отқа май кұя түспей ме?»- деген сауалға былай деді: 

Бен ван Берден, Royal Dutch Shell мұнай-газ компаниясының атқарушы директоры:

Катарға орай қалыптасқан жағдай күрделі. Бірақ ол саяси мәселе. Ал нарыққа ықпалына келсек – дәлірегі мұнай бағасына ықпалын айтсақ, өте төмен. Себебі Катардың үлесі аз. Алайды «аз» деп отырғаным, ОПЕК-ке мүше басқа елдердің үлесімен салыстырғанда. Катар негізінен ірі көлемде газ өндіретін ел, сығымдалған газ өндіреді. Әрине, тасымалдың үздіксіз болуы энергетика нарығында үлкен роль атқарады. Біздің компания Катар нарығында жұмыс істейді. Онда біз де сығымдалған газ шығарамыз. Сонымен бірге газды сұйық қылатын технологияны дамытып жатырмыз. Сондықтан Катардағы жағдайды жіті бақылап отырмыз. Ал мұнай баррелінің 45 долларға құлдырауына келсек, баға одан әрі де төмендеуі мүмкін. Алайда қысқа мерзімде баға көтеріледі, себебі нарық тасымал тапшылығын сезінеді. Менің ойымша, алдағы жылдары мұнай бағасы бір өсіп, бір төмендейді.