$511.92 €588.91 ₽6.44
×

«Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?»...Мәйіттен ішкі органдар алу мәселесі.

AstanaTV
24.06.2017ж. 20:00
4632
«Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?»...Мәйіттен ішкі органдар алу мәселесі.

Ақтөбе облысының тумасы, жарақаттың кесірінен бақилық болған Серікболсынның қос бүйрегін дәрігерлердің оның туысқандарына айтпай алуына байланысты. «Заң бойынша бәрі дұрыс – егер адам ішкі органымды алуға қарсымын деп тілхат тастап кетпесе, алуға қақымыз бар» деп отыр, дәрігерлер, медицина шенеуніктері, министр. Гуманизмнің биік шыңын көрсететін қайырымды шара «мүлдем дұрыс емес» деп отырған ешкім жоқ. Тек ондай пайымға жету үшін алдымен түсіндіру керек емес пе? Қарсы адамдарды кінәлауға бола ма? - адамдардың тәрбиесі, наным-сенімі, білімі, деңгейі, санасы әр түрлі ғой. Яғни дәрігерлер сілтеме жасап отырған «Денсаулық сақтау» туралы кодекстен қоғам хабарсыз. Трансплантация, донорлыққа орай заң нормалары әрбір адамға қатысты және өте нәзік мәселе болғанына қарамастан, қоғам талқылауынсыз қабылданған. Ал қабылданғаннан кейін түсіндірілмеген. Екінші жағынан, кейбір юристер мынаны айтады: - Конституциялық кеңес төрағасы И.Рогов жазған Қылмыстық кодекстің комментарийлер жинағы бар. Рогов 315-бапта мәйіт органдарын туыстары рұқсатынсыз алу - заңсыздық деп түсіндірген. Серікболсынның туысқандарының берген арыздары бойынша сотта жеңетіндеріне үміттеніп отырғандары сол. Тағы бір мәселе -  жап-жас адамдар аяқ астынан қыршын кетіп жатса, автоматты түрде донор бола ма? Олардың қолхат рәсімдеп қоймайтыны рас ғой. Ал тірі жүргенінде донор болғысы келмеген шығар?

Айдың соңында болатын сот мәселенің түсініксіз тұстарын айқындауға септеседі деп үміттенеміз. Трансплантацияға зәру, әсіресе бүйрекке мұқтаж адамдар біздің елімізде 3 мыңнан ешқашан түспейді. Адам өмірін сақтап қалуға септесу – өлгеннен кейін донор болу - өте маңызды дүние. Бірақ қайталап айтам, солай жасағысы келмейтіндерді кінәлауға болмайды. Серікболсынның туысқандарының алдынан өтіп, одан кейін қалың қауымға айтса – «осылай да, осылай, заң бар, егер донор болғыларыңыз келмесе, алдын-ала рәсімдеп қойыңыздар» десе, қані?  Әдеттегідей, «төңкерілген қалыптар»... Белгілі транспантолог Жақсылық Досқалиев марқұмның туысқандарына көңіл айтып, Серікболсын екі адамның өмірін ұзартып кетті деп, өзінің мәңгілік мекенге аттанған күні ішкі органдарын алуға рұқсат жазып қойғанын айтты. Тақырыпты Жақсыбек Кемал тарқатады.

Байғанин ауданының тұрғыны 22 жастағы Серікболсын Көшербай маусымның басында, ауылдасының тойында кездейсоқ алған соққыдан есін жимайды. Жарақаты ауыр болып, Ақтөбедегі ауруханаға жеткізілгенмен, бірнеше күннен кейін бақилық болған. Туыстары оның бүйректері жоқ екенін мәйітханадан мүрдесін алған кезде бір- ақ білген. Айтуларынша, ешкім рұқсат сұрамаған, ешқандай құжатқа қол қойдырмаған. Серікболсынның екі бүйрегі екі науқасқа салынғанын сондағылардан естіпті. 

Гүлайым Есенбаева, марқұмның нағашы апасы:

Доғдырлардың айтқаны, миын шашып жіберген дейді. Адам болмайды депті. Бірақ оны шешесіне айтпаған, адам болмайды деп. Осы жаққа алып келді. Әкелгенде, өлгеннен кейін алып отырғандары ғой, сұраусыз.

Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уәжі басқа. Айтуынша, дәрігерлер марқұмның туыстарынан рұқсат сұрауға міндетті емес. «Мамандарымыздың әрекеті заңды» деп, сенімді түрде айтып отыр. 

Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Егер көз жұмып жатқан тұрғын өзі тірі кезінде мен донор болмаймын деп қағаз қалдырмаса, біз заңды түрде кез келген адамнан егер мүшесі сау болса, оны алып, сұраусыз мұқтаж адамдарға ауыстыру операциясын жасай аламыз. Дәл осындай жағдай бізде орын алды.

Марқұмның туыстары өлім аузында, ес-түссіз жатқан адамнан қолхат талап ету ақылға сыймайды,- дейді. Сондықтан прокуратура мен ішкі істер департаментіне шағымданған. Облыстың бас хирургы мен денсаулық сақтау басқармасынан  миллион теңгеден талап етіп отыр. Бұл іске  қатысты соттың алғашқы тыңдалымы да өтті. Дегенмен, оған жауапкерлердің ешқайсысы келген жоқ.  

Қатарбай Раисов, адвокат:  

Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өздерінің құқықбұзушылық әрекеттеріне заңды тұлға жауап береді. Бұл жердегі заңды тұлға, ол - облыстың бас хирургі, облыстық денсаулық сақтау басқармасында қызмет ететін Сұлтангереев. Моральдық шығын ретінде біз олардың  әрқайсынан миллион теңгеден талап етеміз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбеде ағза алмастыру оталары мына ауруханада жасалады. Жыл басынан бері 13 адамға дәл осындай ота жасалыпты. Оның ішінде 6 адамға қайтыс болған адамдардың бүйректері мен бауырлары салынған екен. Серікболсының 2 бүйрегі салынған тұрғындар дәл қазір осында жатыр. Дегенмен, дәрігерлер  бізге олармен кездесуге рұқсат бермеді.  Сондықтан біз ақ халаттылардың өздерімен тілдесуді жөн деп санадық.

Дәрігерлердің айтуынша, Серікболсынның бүйрегі салынған науқастардың беттері бері қараған. Дегенмен, олардың өздеріне кімнің бүйрегі салынғаны айтылмайды. 

Ермахан  Асылханұлы, дәрігер-трансплантолог:

Қазір жағдайларын жақсы деуге болады. Келесі апта үйлеріне шығарамыз деп үміттенемін. Қазір бөлме ішінде жүріп жүр, өздерін жақсы сезінеді. Ал, олар донорды біле ме?- дегенге келсек... Жоқ, олар білмейді. Дәрігерлік құпия. Оны емделушілерге айта алмаймыз.

Айта кетелік, бұған дейін облыстың бас хирургы облыстық газетке «марқұмның ішкі органдарын алуға оның жақындары рұқсат етті» деп сұхбат берген болатын. Шағымданушы тарап аталған басылымнан қате ақпаратты жоқққа шығаруды да талап етіп отыр. Ал, облыстық ішкі істер басқармасы адам мәйітінен органдарды заңсыз алу үшін жауаптылық қарастырылған ҚР Қылмыстық кодексінің 315-інші бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдарын жүргізуде. Ал Серікболсынның өліміне кінәлі деген күдікті қамалған. 

Айнұр  Аманқұлова-Нұрадинова Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы:

Ақтөбе облысы Ішкі істер департаментінің Байғанин аудандық ішкі істер бөлімімен Серікболсын Көшербайдың денсаулығына, оның өліміне әкеп соқтырған, ауыр залал келтіру дерегі бойынша аудан тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды.

Бұл даулы мәселе Ақтөбеден асып, Астанаға да жетті. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пікірін білдірді. Оның сөзінше, Қазақстанда  келісім презумпциясы, яғни, келісім ықтималдылығы  ұғымы негізге алынады. Сондықтан адам қайтыс боларынан бұрын ішкі ағзаларын донорлыққа алуға қарсы екенін білдіріп, жазып қалдырмаса, ол «келісті» деп есептеуге болады. Министр сот шешімін күту қажеттігін, алайда өзі «келісім презумпциясын» қолдайтынын білдірді. Оның сөзінше «көмекке мұқтаж  науқас балалар  да, үлкендер де көп». 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Қазақстанның қазіргі заңнамасына сәйкес, келісім ықтималдылығы белгіленген. Мәселен, адам көлік апатынан қайтыс болған жағдайда, басқалардың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер оның ішкі мүшелерін ала алады. Себебі, ол тірі кезінде қарсы болған жоқ деп есептелінеді. Бұл халықаралық норма, бізде де қабылданған. Ішкі мүшелерді барлық жағдайда алу мүмкін емес. Ол үшін талапқа сай болуы керек. Ал, оны арнайы  координация орталығы анықтайды.

«Келісім презумпциясы» дегеннің не екенін халықтың ауқымды бөлігі білмейтіні ақиқат. Дегенмен, ол ұғымның 2009 жылдан бері қолданылып келе жатқанын  Ақтөбеге арнайы келген Жақсылық Досқалиев те айтты. Ұлттық трансплантация орталығының директоры тілшілер және Серікболсынның туыстарымен кездескен болатын. Оның сөзінше, донор болғысы келмеген адам қайтыс болғанша оның өзі, не туыстары қолхат қалдыруы қажет. 

Жақсылық Досқалиев, Ұлттық трансплантация орталығының директоры: 

Адам өлер алдында донар бола алатынын, не болмайтынын айтып өз еркімен арыз қалдыра алады. Мұндай норма бар, ол әр адамның еркі екені заңды түрде бекітілген. Біздің әрқайсымыз  өзіміздің емханамызға барып, арыз жазуымызға болады.

Дегенмен, халықтың негізгі бөлігі бұл мәселеден хабарсыз. Халық емес-ау, емханалардың өзі ондай арыздарды қабылдауға дайын болмай шықты. Ал, халыққа қызмет көрсету орталығындағылар тіпті, «қайтыс болар алдында донор болудан бас тарту қолхатын қабылдау біздің қызмет көрсету тізімімізде жоқ», - дейді.

Самал  Нұғманова,  ХҚКО директорының орынбасары /телефон арқылы

Мемлекеттік қызмет көрсету тізімі бар. Онда 532 қызмет түрі белгіленген. 548  қызмет түрі мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіледі. Олардың  ішінде сіз айтып отырған қызмет түрі жоқ.

Елімізде мәйіттік донор 2012 жылдан бері қарқынды түрде қолға алынды. Қазір Қазақстанда ішкі ағзасы алмастыруды қажет ететін 3 жарым мың науқас бар. Сондықтан қайтыс болған соң донор болуды саналы түрде дұрыс дейтіндер де кездеседі. Мәселен, шымкенттік Нұрғазы Бұхарбаев өмірден озған жағдайда ағзасын екінші бір адамға беруге дайын. Қайтыс болған жағдайда өзінің жарамды ағзаларын біреуге беріп кеткісі келетінін ол осыдан төрт жыл бұрын да айтқан еді. «Отбасымен ақылдаса келе солай ұйғардым»,- дейді. 

Нұрғазы Бұхарбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

Адам өмірінен артық ешнәрсе жоқ. Авариядан кетіп, 5 адамға өмір сыйлауы мүмкін, бір адам. Одан артық не керек?!

Қалай дегенмен де, қайтыс болған адамның ағзаларын рұқсатсыз алу марқұмның тумаларына ауыр тиетіні анық. Әрі марқұмға құрметпен қарап, арулап көметін біздің менталитетке жұмсартып айтқанда, біртүрлі көрінетіні шын. Дін өкілдері де марқұм алдын ала өзі өсиетхат қалдырмаса немесе ет жақындары рұқсат етпесе, оның ағзаларын алуға рұқсат жоқ,- дейді. Тіпті, ағза алмастыруға қатысты ҚМДБ шығарған ортақ пәтуа бар. 

Дастан Сүлейұлы, Шымкент қаласы Абай ауданының бас имамы:

Ислам діні адамның денесіндегі ағзалардың екінші адамға қондыруына ешқандай қарсылық білдірмейді. Өйткені шариғатымыз жалпы бұл мәселеде  кеңінен пәтуа берілгендігі бәрімізге мәлім. Бұл жерде бір ерекшелік болып тұрған нәрсе, рұқсат етілмейтіні адамның өзінің дене ағзасын рұқсатсыз яғни өсиет етпестен басқа адамдар адам өмірден өткеннен кейін соның ағзасын рұқсатсыз, туысқандарының рұқсатынсыз немесе өзі өсиет етпеген адамның ағзаларын алып, пайдалануына болмайды.

Халық арасында «адам қайтыс болғанға дейін донор болғысы келетінін өзі саналы түрде жазып қалдырса ғана оның ағзаларын алу керек» деген пікірді құптайтындар көп. 

Татьяна  Острецова, «Қазақстан отбасылық дәрігерлері қауымдастығының» Ақтөбе облыстық филиалының директоры:

Кез-келген адам ағзаларын біреуге беру-бермеуін өзі шешуі керек. Келіспейтін болса, міндетті түрде  алдын-ала арыз жазу қажет дегенді қолдамаймын. Менің ойымша, адам жас кезінде бұл мәселе жөнінде ойлана бермейді. Сондықтан білікті заңгерлер, мамандарымыз халықаралық тәжірибені әлде де зерттеп, мәселені жан-жақты зерделеп барып шешім шығару керек.

Ағза алмастыруға қатысты тағы бір түйткілді мәселе... Дәрігерлер астыртын ота, яғни, донорлықты көлеңкелі бизнеске айналдыру фактілерін жоққа шығаруға тырысады. Бірақ ғаламторда ағза ашық түрде саудаланып жатыр. Мынау таспаға жазылған сондай келіссөздердің бірі.  

Кейіпкер донор іздейді:

- Здравствуйте, я по вашему объявлению звоню, мы ищем донора для родственника. Болезней, ничего нету? Вы медосмотр проходили?  Нет, нет, да, комиссия и вот этот центр крови, все прошел.  На какую сумму вы рассчитываете и по какой причине вы идете на этот шаг?  У меня свои личные причины. 10 миллионов.  Сколько? 10 миллионов тенге.

Өздеріңіз естіп отырғандай, ашық сауда. Ал, бұл саудаға дәрігерлердің қатысы жоқ дегенге сене аласыз ба? Осыдан кейін «ішкі сау мүшелері қажет болғандықтан, науқастың миын әдейі өлтіруі мүмкін» деген күдіктің де болатыны анық. Бірақ дәрігерлер ондай жағдайға жол берілмейді дейді. Осы жерде айта кетелік, шариғатта дене мүшелерін сатуға қатаң түрде тыйым салынған. 

Жақсылық Досқалиев, Ұлттық трансплантация орталығының директоры: 

Сатуға, сатып алуға, сондай-ақ жарнама жасуға тыйым салынады. Кейбір сайттар әлі шығарып жатыр. Бәзбіреулердің ішкі ағзасын сатқысы келетіні ешкімге құпия емес. Бірақ ол адам сатқысы келгенімен, донор бола алады деген сөз емес. Себебі донор болу үшін ұлпалар сәйкес келуі қажет.

Түйгеніміз - бұл салада әлде де елеп-екшеуді қажет ететін түйткілді мәселе көп. Шешілмесе, Серікболсынның туыстары секілді опық жеп қалатын әлі талай отбасы шығады.

Жақсыбек Кемал, Айзада Төребекқызы, Нұркен Жалмұхан, «Біздің уақыт».