$474.83 €515.38 ₽5.5
×

Батыс Қазақстан облысында Айшуақ ханның қабірі табылды.

AstanaTV
24.06.2017ж. 20:00
6545
Батыс Қазақстан облысында Айшуақ ханның қабірі табылды.

Батыс Қазақстан облысында Айшуақ ханның қабірі табылды. Айшуақ Әбілқайырұлы - Кіші жүз билеушілерінің бірі. Башқұрттар, казак-орыстармен қақтығыс кезінде ерлігімен көзге түскен. Бұған дейін Есім хан мен Жантөре Айшуақұлының құлпытастары табылған еді. Енді осы екі тұлғаның ортасында хан болған Айшуақтың да жерленгені жері айқындалып, билеушінің өміріне қатысты түрлі деректерге нүкте қойылды. Табылған құлпытаста Айшуақ ханның 1812 жылы 85 жасында бақилық болғаны жазылған. Яғни осыған дейінгі деректердің қате екендігі анықталды. Осыдан бес жыл бұрын басталған «Құлпытас кілтін ашайық» жобасы бойынша өңірдегі 3 мыңға жуық құлпытас зерттеліп, жүзге тарта батыр мен дін ғұламаларының қабірі анықталған. Зерттеушілер облыста 30 мыңға жуық көне құлпытас барын айтады. Егер бұл естелік белгілер зерттелсе, тарих беттері нақты деректермен көбейер еді. Бірақ бұл үшін ғылыми-зерттеу орталығын құру қажет. Ал қазір бұл жұмыстардың барлығын өңір тарихына жанашыр жандар өз күшімен тегін жасап жатыр. 

Жантас Сафуллин, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры:

Құлпытастарды жою жұмыстары арнайы жүргізілгеніне куә болдық. Мысалы, Бөрлі ауылы маңындағы МТС ғимараты. 1933-1934 жылдары салынған. Сол аумақтың айналасындағы бүкіл қорымдардың құлпытастарын сындырып әкеліп, соған фундаментке салып жіберген. Араб әліпбиінде жазылған. Бір қызығы, әрбір қорымда бір-бір құлпытастан қалған. Соған қарап топшылауға болады: Ай, сол өзіміздің қазақтарға күштеп бұздыртқан-ау, солар өздері ертең осы жерде бір қорым болғандығын білсін деп, бір құлпытастан болса да сындырмай қалдырып кеткен. Сол кезде олар мынадай сылтау айтқан: «Бұл құлпытас күш бермеді, трактор сынып қалды, үйтіп қалды-бүйтіп қалды» деп сылтауын айтады сындыра алмадық дейді.