$516.16 €584.86 ₽6.25
×

"Парадқа қатысу екінің біріне беріле бермейтін бақ", - десантшы

08.04.2025ж. 20:00
156
"Парадқа қатысу екінің біріне беріле бермейтін бақ", - десантшы

8 күннен бері сарбаздар әскери шеруге қызу дайындалып жатыр.  Отан мен абыройды бәрінен биік қойған жауынгерлер күніне 6 сағатын жаттығуға арнайды. Салтанатты шарада төбе көрсететін техникалар да тексерістен өтті. Парадқа даярлық барысын әріптесім Сүндет Оралбек көріп қайтты.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай өткізілетін шеруде 4 мыңға тарта сарбаз еліміздің бас алаңында сап түзеп жүріп өтеді. Қазір дайындық қызу жүріп жатыр. Елорда маңындағы әскери полигонда 3000 мыңға тарта сарбаз мерекеге даярлық үстінде. Оның 200-ден астамы әскери қыз-келіншектер. Сонымен қатар, шеруде 300-ден астам әскери техника мен 66 ұшақ елорда көгінде ұшып өтеді.  


Салтанатты шеру үш кезеңнен тұрады. Әскер, ту топтары, сондай-ақ, соғыс жылдарындағы киім үлгісімен екі салтанатты есептоп жүріп өтеді. Жалпы саны жиырма үш жаяу парадтық есептоптың өтуі жоспарланған. Әрбірі 156 әскери қызметшіден тұрады. Шеру соңында 300 музыканттан құралған біріккен әскери оркестрдің дефилесі өтеді.

МЕРЕКЕ КӨШЕКБАЕВ, ҚР ҚК ҚҰРЛЫҚ ӘСКЕРЛЕРІНІҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:


Ол жерде заманауи әскерімізді, техникамызды бейнелейтін дәстүрлі парад. Міне, 8-күн болып жатыр. Әлі уақытымыз бар. Деңгейімізді 30-сәуірге дейін толық 100 пайызға толатынына сенемін.


Ақерке Жақыпова салтанатты шеруге екінші рет қатысқалы жатыр. 2017 жылға парадта да өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарған.

АҚЕРКЕ ЖАҚЫПОВА, ҚР ҚК ӘКІМШІЛІК ТӘЖІРИБЕ ОФИЦЕРІ:

Қыз балаға әрине ауыр, бірақ біз машықтанғанбыз. Тәртіп, сол себептен ешқандай қиындық жоқ. 80 жылдық мерекеде жақсы шеру болады  деп үміттенемін.


"Шеруге қатысу екінің біріне беріле бермейтін бақ". Десантшы Руслан Нұрлыбеков осылай дейді. Себебі, бұл шараға тек кіл мықтылар іріктеледі.

РУСЛАН НҰРЛЫБЕКОВ, ҚР ҚК ДШӘ ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР:

Біздер барлығымыз саптық дайындықтан өтеміз. Саптық жарғылардың барлығын оқимыз. Аяқты көтеру, аяқты басу, қою, басты бұру, бастың түзулігі барлығы қарайды. Оның барлығы бізге байланысты болады.


Әскери парадта төбе көрсететін техникалар да толықтай даярлықтан өтті. Шеру кезінде қарулы күштердің, ұлттық ұланның басқа да күштік құрылымдардың заманауи техникалары жүреді.

АРСЕН ШАЙМАРДАНОВ, ҚР ҚК ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ТЕХНИКА ЖӘНЕ ҚАРУ-ЖАРАҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БРОНДЫ ТАНК ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Отандық өнім "Алан 2", "Барыс 6х6" техникалары бірінші рет шеруге қатысуға жоспарланып отыр. Тағы "Урал ВВ", "Кобра 2" бронды доңғалақты техникалары қатысуға дайын.


Гарнизонда сарбаздарға бар жағдай жасалған. 288 шатыр тігілген. Оның 103-інде жеке құрам демалады. Сондай-ақ, асхана, медпункт, монша да бар. Жауаптылар салтанатты шара жоғары деңгейде өтетініне сенімді. Себебі, биылғы парад бұрынғылардан ерекше болмақ.