Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қазақстан Сирияға әскер аттандыру туралы келіссөз жүргізген жоқ - СІМ

AstanaTV
23.06.2017ж. 20:00
2879
Қазақстан Сирияға әскер аттандыру туралы келіссөз жүргізген жоқ - СІМ

Қазақстанның СІМ Сирияға әскер жіберілетіні туралы ақпарды теріске шығарды. Министр Қайрат Әбдірахманов тиісті келіссөздер жүріп жатыр деген мәліметті растамады. Айта кетейік, Ресейдің ақпарат құралдары қазақ пен қырғыз билігі Сириядағы қарулы қақтығысқа әскер жібереді деп хабарлаған. Теріскейдегі көршілердің неліктен мұндай ақпар таратқаны әзірге белгісіз.

"Қазақстан мен қырғыз елі әскерлері Сириядағы қақтығыс аймағында". Осындай атаумен жарияланған мақалалар ресейлік БАҚ-та желдей есті. Бұған Мемлекеттік Думадағы қорғаныс  комитетінің басшысы Владимир Шамановтың сөзі түрткі болған. Шенеунік Астана мен Бішкекте тиісті келіссөздер жүріп жатыр депті. Бұл ақпарды Түркия да растады. Haberturk арнасына берген сұхбатында Түрік президентінің өкілі Ибрагим Калын "түрік әскерлері ресейлік әріптестерімен Идлибке аттанады" деді. Ал Түркияның экс-президенті Абдолла Гүл бұл мәлімдемені адамдардың дұрыс түсінбеуі мүмкін деген пікірде.

Абдолла Гүл, Түркияның экс-президенті:

Түркия президенті өкілінің кешегі мәлімдемесінде түсініспеушілік бар сияқты. Сириядағы қантөгісті тоқтату үшін тараптар ауқымды жұмыстарды атқарып жатыр. Сондықтан бұл мәлімдеме қақтығысты тоқтату мақсатында айтылуы мүмкін.

Қазақстанның СІМ мұны теріске шығарды. Министр Қайрат Әбдірахманов Астана Сирия дағдарысын реттеуге өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан бұл әңгіменің қисыны жоқ дейді.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Қазақстан өз жауынгерлерін Сирияға жіберу туралы ешкіммен келіссөз жүргізген емес. Сириядағы деэскалация аймақтарының қауіпсіздігі мен тиімділігі қалай қамтамасыз етілетіні - кепіл-елдердің құзырында. Әлемнің қайсыбір қақтығыс ошағына бітімгерлерімізді жіберу үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарының және осы ұйымның тиісті мандаты болуы тиіс.

Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер жөніндегі комитет төрағасы Мәулен Әшімбаевтың уәжі де осы сипатта өрбіді. Айтуынша, бұл іске БҰҰ ғана ықпал ете алады. Және мұндай жағдайда да қазақ әскерлері қақтығысқа қатыспайды. Тек бітімгерлік мақсатта жіберіледі.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер жөніндегі комитет төрағасы:

Қазбат деген батальон бар. Сарбаздарымыздың 1-2 ай бұрын жаттығуымен таныстық. Әртүрлі бітімгерлік миссиясына қатысуға дайын деуге болады. Бірақ бұл жерде Сирияға біздің Қазбатты жіберу туралы ешқандай келіссөздер жүріп жатқан жоқ. Ондай жоспар жоқ.

Бұл ақпаратты Қырғызстанның Қарулы күштері де теріске шығарды.

Қырғыз Республикасы қорғаныс істері комитеті:

Қырғыз Республикасы Қарулы күштерінің Бас штабы бұл ақпаратты растамайды.

Елді дүрліктірген ақпараттың шығуына не себеп болғаны түсініксіз болып тұр. Ал Сирия дағдарысын шешуге қатысты Астана процесі 4-5 шілде күндері өтеді деп жоспарланған.  

Айбек ҚОСАН