Қазақстанда кейбір блогерлерге қатысты тексерулер басталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, блогерлермен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бір айдың ішінде бюджетке қосымша 9 миллиард теңге түскен. Бұл сома блогерлер мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) ескертулерінен кейін ерікті түрде тапсырған жаңа декларацияларында көрсетілген.
“Бір айдың ішінде бұл сомалар бюджетке түсті. Қазір кейбір блогерлерге қатысты тексеру шаралары басталады. Себебі олар қойылған талаптармен келіспеді. Сондықтан жұмыс жалғасып жатыр", – деді вице-министр.
Көптеген блогерлердің лотереялар мен ұтыс ойындарын ұйымдастыруы заң бұзушылық болып табылады, сондықтан оларға санкциялар қолданылуы мүмкін.
Instagram желіcінде лотерея ұйымдастырып, көлік ойнатқан блогер айыппұл арқалады
"Қазір көптеген блогерлер лотерея, ұтыс ойындарын өткізуде. Бұл – заңмен тыйым салынған әрекет екенін ескерткім келеді. Сондықтан оларға да санкциялар қолданылуы мүмкін. Заң аясында жұмыс істеу керек", – деп ескертті ол.
Сондай-ақ Ержан Біржановтан салық төлеуден жалтарғаны үшін блогерлерге қылмыстық іс қозғалуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
"Қылмыстық іс біз қозғамаймыз. Біз тек салықтар тұрғысынан қараймыз, есептеп, қосымша өндіріп аламыз. Ал лотерея қызметі туралы заң бұзушылықтар бойынша уәкілетті орган спорт және туризм министрлігінің тиісті комитеті. Бұл жерде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер сомалар белгілі бір шектен асып кетсе, материалдар құқық қорғау органдарына беріледі", – деп түйіндеді вице-министр.