Оралдық «Зенит» зауыты жаңа әскери катерді құрастырып шығарды. Су ығыстырымдылығы 70 тонналық бұл техника шекара қызметінің тапсырысы бойынша жасалған. Ашық теңізде бір апта бойы өздігінен жүре алатын кеменің жылдамдығы сағатына 85 шақырымға жуықтайды. Қуатты қару орнатылған бұл катер енді еліміздің теңіз қақпасын күзетеді.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Қазір зауыт ауласында тұрған кеме қолданысқа 100 процент дайын. Ал мына электроника жабдықтары катер суға түсірілгенде ғана қосылады. Құрастырушылардың айтуынша, кеменің жайлылығы өте жоғары деңгейде. Тіпті мына штурвалының өзі автокөліктікі сияқты, өте оңай, жеңіл басқарылады.
Бұл - оралдық кәсіпорынның 35-ші өнімі. Басқару жүйесі толықтай автоматтандырылған. Тіпті атқан оғы толқынды теңізде нысанаға дәл тиюі үшін атыс қаруын да "ақылды техника" өзі басқарады. Бұған дейін оралдық осындай катерлердің бірі браконьерлерді ұстап танылғасын, тағы тапсырыс түскен.
ҚЫДЫРЖАН МҰҚАНОВ, "ЗЕНИТ" ОРАЛ ЗАУЫТЫ" АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Біздің зауыт 34 жылдың ішінде түрлі кластағы 36 кемені құрастырып шығарды. Биылғы өніміміз - "Айбар 0210" жобасымен жасалған шағын күзет кемесі. Мұндай техника біздің ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметіне өте керек. Мемлекеттің теңіздегі шекарасын қорғайды.
Зауыт мамандары бұл кемені екі жыл құрастырған. Бұрынғы жобасын өзгертіп, жетілдіріп, жаңартуға тырысыпты.
НҰРТАЙ ҚҰЛЖАНОВ, "ЗЕНИТ" ОРАЛ ЗАУЫТЫ" АҚ БАС КОНСТРУКТОРЫ:
Бұрынғы кемелерден қарағанда мына кемеде бізде қазіргі таңда заманауи қондырғылар қондырылған. Навигациялық қондырғы, радиоэлектр байланыс желісі дегендей қондырғылар қойылған. Осы кеменің жалпы мақсаты біздің Каспий теңізінде браконьерлерді ұстайды, заңсыз балық аулаушыларды ұстайды.
Экипажы 15 адамнан тұратын катер ашық теңізде 7 күн бойы жүзе алады, жылдамдығы сағатына 85 шақырымға жетеді. Орнатылған қуатты пулемет те оралдық қару зауытында жасалған. Енді кеме жағалауға жеткізіледі. Мамыр айында Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне өтіп, күзет қызметіне кіріседі.