Ақмола облысында Ақсуат ауылының 19 жастағы тұрғыны таңертең жергілікті мектепке заңсыз кірген. Оқиғаға полиция пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz оқырманы 10 сәуірде Ерейментау ауданы Ақсуат ауылының мектебіне пышақпен бір жігіт кіріп кеткенін хабарлаған. Оның айтуынша, оқиға таңғы сағат 7-де болған. Бейнебақылау камераларына түсірілген кадрларда сағат 06:58 екені көрініп тұр. Бұл кезде сабақтар әлі басталмаған, балалар да болмаған. Сонымен қатар, күзетші де орнында болмапты.
"Жігіт мектеп ішінде пышақ ұстап шамамен 20 минут жүрген. Бұл уақытта әдетте балалар мен мектеп қызметкерлері келе бастайды. Абырой болғанда, ешкім болмады. Ал бала келіп қалса ше? Мектеп ішінде пышық ұстаған адам жүр. Күзетші де жоқ", – деп жазған оқырман.
Ақмола облыстық Полиция департаменті мектепке белгісіз адам кіргені туралы ақпаратты растады.
"10 сәуірде сағат 07:00-де, сабақ уақытына дейін Ерейментау ауданы Ақсуат ауылындағы орта мектептің аумағына 19 жастағы жергілікті тұрғын кірген. Полиция қызметкерлері оны жедел ұстады және дәрігерлердің қарауынан кейін Степногорск қаласындағы психиатриялық ауруханаға жатқызылды. Оқиға кезінде мектепте оқушылар мен мұғалімдер болмаған, өйткені сабақ 08:30-да басталады. Орта мектеп әкімшілігімен осындай жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді", – деді полиция өкілдері.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Мектепте күзет бойынша заңбұзушылықтар анықталса, полиция тиісті шаралар қолданатынын айтты.
"Ұстау кезінде ер адамнан тыйым салынған заттар не суық қару табылған жоқ. Дегенмен бұл ақпарат мұқият тексеріліп жатыр", – деді департамент өкілдері.
Полиция жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салып, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді ұсынды.