$521.9 €593.5 ₽6.39
×

«Өміріңізді жақсы жаққа өзгерткіңіз келсе, туған күніңізді ауыстырыңыз» - нумеролог

11.04.2025ж. 20:00
209
«Өміріңізді жақсы жаққа өзгерткіңіз келсе, туған күніңізді ауыстырыңыз» - нумеролог

Өміріңізді жағымды энергияға толтырып, басқа арнаға бұрғыңыз келе ме? Ендеше туған күніңізді ауыстырыңыз. Кей нумерологтар осылай деп кеңес береді.  Ал оны тыңдайтындар да бар екен. Бұл қаншалықты дұрыс? Тілші сюжетінде.

Кейбір қазақстандықтар нумерологтардың кеңесімен құжаттарындағы туған күндерін ауыстырғысы келеді.  Бұл туралы баспагер Бақытжан Бұхарбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

БАҚЫТЖАН БҰХАРБАЙ, БАСПАГЕР:

Кейбір қазақстандықтар нумерологтардың кеңесімен құжаттарындағы туған күндерін өзгертіп жатыр. Бұл үрдіс қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр, себебі адамдар мұндай әрекеттер арқылы қаржылық табыс пен жетістікке жетеміз деп сенеді.


Жазба қалдырғандар арасында да мұны қолдайтындар бар.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ:

Айлина: Мен мысалға ауыстырғым келет. 7 майда туғам. Ұнамайт бұл күн. Тек 7 емес басқа кез-келгеніне ауыстыру шедім. Нумерологқа, барып қай күн маған жағады, білгім келеді.


Ал менің туған күнім 19-шы ақпанда. Егер басқа күні дүниеге келсем не болады? Бәлкім туған күнімді өзгерту тиімді болып қалар деп мен де ойладым.  Дегенмен нумеролог маған сәтті күні дүниеге келгенімді айтты. Сондықтан ауыстырудың ешқандай  қажеті жоқ екен.


Ал, сіз туған күніңізді ауыстырар ма едіңіз? Бұл сауалды тұрғындарға да қойдым. Барлығы дерлік мұның ессіздік екендігін айтты.

БЛИЦ:

- Ол өзі Алла тағала жаратқан уақыт. Өзі туған күн, ай, жыл мен келіспеймін оған.
- Қандай күні туылу керек туылдық. Белгіленген күні де өмірден өтеміз. Өмірің жақсы жаққа ауысуы адамның әркетіне байланысты.
- Әркімнің өз басы бар ғой. Дұрыс жол таңдау керек.


Өмірдегі сандарды ауыстыру жақсылыққа бастайды деген қате түсінік-дейді нумеролог. Мұндай кеңес беретіндер аталған ілім арқылы адамды өзіне сендіріп, оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер көрінеді.

БАҚДАТ, НУМЕРОЛОГ:

Мен өзім есімімдегі Ғ әріпі Қ-ға өзгерткен болатынмын. Есімімнің энергетикасы 6 санына 5-ке ауысты. 6 өте сан{. Дегенмен мен санның қалай әсер ететінін білгім келіп ауыстырдым. Өмірімде біраз өзгеріс болды. Дегенмен  туылған күнді толықтай өзгерту ешқандай жақсылыққа әкелмейді. Себебі әр санның жақсы әрі жаман тұстары бар. Біз адамдарға келіссөз жүргізу немесе қай жылдың сәтті болатындығын айта аламыз.


Астролог, нумеролог сынды экзотериялық мамандық көмегіне жүгінетін жандар көбінесе өз өміріне жауапкершілік ала алмайды. Психологтар осылай – дейді. Сондай-ақ олар әлде бір тылсым сиқырға сенгіш келеді.  

ДАНА ТОҚТАСЫНОВА, ПСИХОЛОГ:

Адамның өз күшіне, өзінің таланттарына, талабына сенбей басқа бір сырттан әсер ететін дүниеге сену. Яғни, өзінің жасаған іс-әрекеттері үшін өзіне жауапкершілікті артпай, басқа біруге беру. Өзінің өміріндегі іс-әрекеттер, өзінің тағдырындағы іс-әрекеттерге жауапкершілкті ала алмайтын адамды біз инфантильді бала позициясындағы адамдар деп айтамыз.


Әділет министрлігінің мәліметінше, құжаттардағы туған күнді өзгерту үшін салмақты негіз қажет. Мұндай өзгерістер  қателіктерді түзету, бала асырап алу немесе сот шешімі негізінде ғана мүмкін. Туған күн – медициналық құжаттармен расталатын нақты факт, сондықтан оны өзгерту үшін объективті жағдайлар мен құжаттық дәлелдер талап етіледі.