Астана тұрғындары үшін жағымды жаңалық. Бұдан былай түн мезгілінде көліктерді автобус жолағына қоюға рұқсат берілуі мүмкін. Мәслихат депутаттары әкімдікке және жергілікті полиция қызметіне осындай өтініш жолдады.
Мирас Шекенов, Астана қаласы мәслихатының депутаты:
Тұрғындардан осы тектес талап тілектер түсіп жатыр. Қоғамдық көлік тоқтаған кезде Bus Lane жолағына көліктерді қою мәселесін қарастыруға мүмкіндік бар. Кейде шын мәнінде темір тұлпарларды қоятын орын табылмай қалады.
Бақытжан Малыбаев, Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы:
Біз Bus Lane жөнінде жолаушылар тасымалдау басқармасы өкілдерімен әңгімелескен едік. Қазір тиісті министрліктер алдына осы мәселені көтеру жоспарын қарап жатырмыз. Негізінде Bus Lane түсінігі - Қазақстан үшін таңсық дүние. Біз ұсыныстарды енді ғана енгізіп келеміз. Түнгі уақытта көліктерге тұрақтауға рұқсат берген дұрыс деп ойлаймыз.
Жергілікті полицейлердің дерегінше, Bus Lane-ге қатысты заңға өзгерістер енгізу туралы өтініш тиісті орындарға жолданатын болады. Сондай-ақ, мәслихаттың кезекті отырысында 30 ғимаратты тұрғызу үшін 177 жер телімін сатып алу жөнінде шешім қабылданды. Әңгіме мемлекет қажеттілігі үшін пайдаланылатын жерлер туралы болып отыр. Тәркіленетін жер телімдерінің жалпы аумағы 15 гектар. Оларды сатып алуға 3,1 миллиард теңге қарастырылған. Осы аумақтарда бес көше, үш мектеп, төрт тұрғын үй кешені, сегіз саябақ, алты инженерлік жүйелер мен екі автотұрақ бой көтереді деп жоспарланған.
Руслан Ахметов, Астана қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы:
Сондай-ақ,
бесінші кезекте Есіл өзенінің жағалауын қайта абатандыру жұмыстары тұр.
Солтүстік Қорғалжын тас жолында 1200 адамға шақталған медициналық колледждің
құрылысы және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек ретінде осындай отбасы
сәбилеріне арналған балабақша тұрғызу жоспарда бар.