Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Балалар үйі тәрбиеленушілері арасында өткен футбол чемпионатының жеңімпаздары анықталды

AstanaTV
23.06.2017ж. 20:00
3102
Балалар үйі тәрбиеленушілері арасында өткен футбол чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Балалар үйінің тәрбиленушілері арасында өткен республикалық футбол чемпионатының жеңімпаздары анықталды. Жеңімпаз команда мүшелері енді әйгілі «Челси» клубымен кездесуге аттанады. Турнирдің көздегені - ата-ана қамқорынан тыс қалған балаларды футболға баулу болатын. Игі шара «Нұр Отан» партиясы және «Бауыржан» қайырымдылық қорының тікелей мұрындық болуымен өткізілді. Командалар 11 мен 14 жас жеткіншектерден жасақталған. 

Чемпионат болатынын естіген 26 команда тартысқа түсуге ниет білдірген. Жасыл алаңда бақ сынап, финалға жолдама алған 12 құрама үш күннен бері жеңімпаз атануға барын салып жатыр. Бабы келіскен қарағандылық «Таңшолпан» қарсыластарын шаң қаптырып,екінші рет чемпионат жүлдесін қанжығаға байлады. Тамызда  Әйгілі «Челси» клубымен кездесетін де осылар.

Кирилл Веселов, «Таңшолпан» командасының ойыншысы:

Жеңіс оңай келген жоқ. Осы чемпионат үшін қыс бойы дайындалдық. Үздіксіз жаттығулардың арқасында жеңімпаз атандық. 

Екінші орын Тараздан келген «Тұлпарға» бұйырса, Семей құрамасы үшінші орынды місе тұтты. Балғындар финалға шығып тұрып жеңілгеніне қынжылды ма көздеріне жас алды. Десе де биыл жіберген қателікті келер жылы қайталамауға уағдаласты. Бастамаға  «Бауыржан» қайырымдылық қоры ұйытқы болған. "Нұр Отан" партиясы да жастар спортын үнемі қолдап келеді. Нәтижесінде бес жыл ішінде 1500 жетім бала турнирге  қатысты. 

Гүлзат Сахова, «Бауыржан» қайырымдылық қорының әлеуметтік жобалар бойынша үйлестірушісі:

Олардың 50-ге жуығы Милан, "Бавария" ,«Барселона», «Реал Мадрид» сынды әлемінің әйгілі футбол клубына барып, өздерінің Фернандо Торрес, Роналдо сынды сүйікті футболшылармен кездесуге мүмкіндік алып қайтты. Чемпионаттың мақсаты - осы жетім балалар арасындағы футболды дамытып, Қазақстанның футболына футбол жұлдыздарын тауып, олардың арасынан, үлесін қосар деген мақсатта жалпы ұйымдастырамыз.

Асылхан Төлепов, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Балалар үшін өздерінің  болашағына деген бір үмітін арттырып, шабыт береді. Біздің еліміздегі осы футбол спорт түрін дамытып, балалардың өз мамандықтарын таңдауына көмектесіп, мысалы, осы футбол ойнап жүргендердің ішінен, мүмкін, болашақ чемпион шығады. 

Додада марапаттан құр қалғандар болмады. Үздік ойыншы, қақпашы, шабуылшылар жасыл алаңдағы керемет ойыны үшін арнайы кубоктарды иеленді. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген қазақтың қанатты сөзін жадында сақтаған «Бауыржан» қайырымдылық қоры ұйымдастырған футболдан балалар үйі тәрбиеленушілері арасындағы жарыс келесі жылы жалғасын таппақ. 

Айгүл ЕРМАХАН