Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертіне билеттер санаулы сағатта сатылып кетті. Алайда бір күн өтпестен сайттарда "тиімді" ұсыныстар жасалған хабарландырулар пайда болды. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Джей Ло концертіне билет алу оңай болған жоқ – сатылым басталмай жатып-ақ Ticketon сайты жүктемеге шыдамады. Концертке барғысы келгендер сағаттап кезекте тұрып, билет алу үшін интернетпен "күресуге" тура келді. Алайда кейін, барлығы бірдей билетті өздері үшін сатып алмағаны белгілі болды. Кейбіреулер дүрбелеңді пайдаланып, табыс тапқысы келген.
Ғаламтордағы хабарландыруларға қарағанда, көптеген адам концертке билеттерді белгіленген бағадан әлдеқайда қымбатқа сатқысы келеді.