Бұрын жерге соғылуы мүмкін деп қауіп тудырған астероид, енді Айға қарай бағыт алуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Associated Press-ке сілтеме жасап.
Ғалымдар 2024 YR4 деп аталатын астероидты Чилидегі обсерваторияда бақылаған. Небәрі бір жарым ай бұрын ғана ашылған нысанның 3D моделі жасалып, құрылымы анықталды.
Астрономдардың айтуынша, диаметрі шамамен 60 метрге жететін астероид кәдімгі сопақша картоп пішінінен гөрі, жалпақ дискке, дәлірек айтқанда, хоккей шайбасына көбірек ұқсайды. Сонымен қатар ол әр 20 минут сайын өз осінен айналып шығады.
Бұл біз үшін тосын жаңалық болды. Себебі көп астероидтар картопқа немесе шыр айналатын ойыншыққа ұқсас келеді, - деді зерттеу тобының жетекшісі, Eureka Scientific ғылыми ұйымының маманы Брайс Болин.
Ғалымдардың мәліметінше, астероид Марс пен Юпитер арасындағы негізгі белдеуден шыққан және құрамында силикаттар мол.
Жыл басында NASA мен Еуропалық ғарыш агенттігі бұл астероидтың 2032 жылы Жерге соғылу ықтималдығын 3% деп бағалаған. Алайда қазір бұл қауіп жоққа жақын. Есесіне, келесі жүзжылдықта оның Айға соғылу ықтималдығы 3,8% болуы мүмкін. Дегенмен NASA бұл жағдай Айдың орбитасына ешқандай әсер етпейтінін айтады.
2024 YR4 әр төрт жыл сайын Жерге жақындайды. Бірақ келесі аптада ол тым алысқа кететіндіктен, жердегі телескоптар арқылы бақылау мүмкін болмайды. Ғалымдар астероидты тағы бір мәрте Джеймс Уэбб ғарыш телескобы арқылы осы айда немесе келесі айда зерттемек.
Қауіпті астероидтарды бақылау – ғалымдар үшін үлкен тәжірибе. Бұл болашақта шынайы қауіп төнетін жағдайда дайын болуға көмектеседі, - дейді мамандар.