Енді сарбаздарды бітімгерлік секілді маңызды миссияларға даярлау ісіне ден қойылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Сирияда абыройлы қызмет атқарып келген сарбаздармен кездесуде айтты. Олар тапсырма кезінде меңгерген жаңа дағдыларын еліміздің әскер даярлау ісінде қолданады. Қорғаныс қабілетін нығайтуға да басымдық берілмек.
Бітімгерлер – бейбітшілік елшісі. Оларға артылатын жүк ауыр, күтер үміт көп. Голан жоталарында абыройлы қызмет атқарған 140-қа жуық сарбаз 600-ден астам тапсырманы мүлтіксіз орындады. Ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсетті. Елімізге жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып келген әскерилер Ұлттық армиямыздың, тұтас мемлекетіміздің беделін арттыра түсті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыстар болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады.
Қазақстан – әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдайды. Осы бағытта былтыр ұлттық армиямыз тағы бір тарихи қадам жасады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет.
Жоғарғы Бас қолбасшы сарбаздарды маңызды миссияларға даярлау ісіне айрықша назар аударды. Бүгінде аз уақыт ішінде әскери қызметшілерді түрлі дағдыларға бейімдеп, оларды халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз ету үшін сапалы жұмыс атқарылды. Соның арқасында сарбаздар аса күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін көрсетті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздер қауіпті аймақтарда жұмыс істеп, ерен ерлік көрсетіп, мол тәжірибе жинап келдіңіздер. Енді осы тәжірибені бөлісіп, басқа да әскери қызметшілерді үйрету қажет. Бітімгерлік миссия кезінде меңгерген жаңа дағдыларды еліміздің әскер даярлау жүйесіне енгізу өте маңызды.
Қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр. Болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтіп жатқан басқа да миссияларға қатысу жоспарда бар. Осылайша, Қазақстан жер жүзіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға белсенді түрде атсалыса бермек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жалпы, әскери бөлімдер мен күштік құрылымдардың беделі мен даярлық деңгейі едәуір өсті. Құқық қорғау және арнаулы органдар қылмыспен күресте, терроризм мен есірткі бизнесінің жолына тосқауыл қоюда тиімділігін көрсетіп келеді. Алайда босаңсуға мүлде болмайды. Алдымызда мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайту міндеті тұр.
Қазақстан өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз ел болуы тиіс. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шара қабылданып жатыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Заң мен тәртіп», отаншылдық пен жауапкершілік – әскери қызметшілерге ғана емес, еліміздің барлық азаматтарына ортақ аса маңызды құндылықтар. Осы жасампаз қасиеттер қоғамда жан-жақты дәріптелуге тиіс. Себебі біз қазір бәріміз бір ел болып Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз.
Еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысып, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан.
ЖІГЕР АЙЫПОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ БІТІМГЕРШІЛІК ОПЕРАЦИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Бұл өте жауапты қызмет. Өйткені әр офицерден, әр сарбаздан жоғарғы тәртіп және өз біліктілігін талап етеді.
Абыройлы міндетті мінсіз атқарғандардың ішінде Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулар да бар.
АРДАҚ КУРТИБАЕВА, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТІНІҢ СЕРЖАНТЫ:
1 жыл ішінде біздің бітімгерлер ротасы өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып шықты. Біз мобильді патрульдеу, бақылау бекеттерін күшейту, эвакуация және минасыздандыру жұмыстарын орындадық. Жергілікті тұрғындар бізге ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы әскери борышын үлгілі атқарғаны, Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясын жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады.