Партиялық кадрлық резерв ережесіне өзгерістер енгізіледі. Бұдан былай қордағы кадрлардың 30 пайызын әйелдер құрамақ. Бұл "Нұр Отан" партиясында өткен брифингте белгілі болды. Ал ертеңнен бастап аймақтық резервке қосымша мамандар іріктелетін болады.
Кандидаттар аймақтық және аудандық болып 2 резервке іріктеледі. Мысалы, аудандық резервке ұсынылатын кандидат кем дегенде 1 жыл партия мүшелігінде болуы қажет. Сонымен қатар, жұмыс өтілі кем дегенде 2 жыл, жоғары білімді, партиялық бағыттар бойынша сіңірген еңбегі болуы тиіс. Үміткердің қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылуы және сыбайлас жемқорлыққа қатысты теріс қылықтары мен басқа да заң бұзушылық іс-әрекеттері болмауы шарт. Ал 2018 жылдан бастап республикалық резерв жасақталмақ. Оған республика бойынша 100 адам енеді. Оның ішінде әр аймақтан ұсынылатын кандитаттар саны 3 адамнан аспау қажет.
Қаныбек Жұмашев, "Нұр Отан" партиясының хатшысы:
Кез-келген
өңірде аймақтық резервистер жасақтаған кезде 30 пайызы әйел адамдар болу керек.
Бұл Елбасының үлкен саясатының жүргізуінің бір бағыты, еліміздегі гендерлік
саясатқа да қайшы келмейді. Сондықтан партия мүшелерінің 70 пайызына жуығы, 60
пайызынан астамы әйел азаматтар екені ескерсек, ол дұрыс қадам ғой деп
есептейміз.