Ақтөбе облысында ауыл мұғалімі 2,1 млн теңге артық жалақы алған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, бұл бұзушылық облыстағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына жүргізілген мониторинг кезінде анықталған.
Биыл елімізде Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитеті мемлекеттік қаражаттың тиімді және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында онлайн бюджеттік мониторинг жүйесін енгізді. Енді аталған жүйе арқылы бюджеттік шығындарды бақылауға мүмкіндік бар. Біз осы жүйені пайдалана отырып, биыл Ақтөбе облысындағы бірқатар мекемелерді тексердік. Нәтижесінде департаменттің “Онлайн бюджеттік мониторинг” жүйесінде барлығы 11 түрлі профиль бойынша 16 714 тәуекел саны тіркелді. Оның ішінде 3050 тәуекел қаралып, жалпы мөлшері 1 681,9 млн теңгені құрайтын 155 хабарлама жолданды, - дейді ол.
Сәкен Қасымовтың айтуынша, мониторинг нәтижесі бойынша аталған жүйедегі №11 профиль - “Жылына 8-14 млн теңге көлемінде артық қаражат аудару тәуекелі” бойынша Хромтау аудандық білім бөлімінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтсақ, өткен жылдың ақпан-тамыз айларында аталған бөлім Қарлау бастауыш мектебінің мұғаліміне жалпы сомасы 2,1 млн теңге артық жалақы аударған.
Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінде №8 профиль - “800 мың теңгеден асатын артық қаражатты аудару тәуекелі” бойынша география пәні мұғалімі мен техникалық персоналға жалпы сомасы 396 800 теңге артық жалақы аударылған. Қазіргі таңда аталған деректер бойынша тиісті шаралар қабылданып, келтірілген шығын мемлекеттік бюджетке толық өтелді.