Жамбыл облысының Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінде болған оқиғаға қатысты Ішкі істер органдары қылмыстық істі тергеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz.
ІІМ мәліметінше, күдікті ізін суытпай ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.
"Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша (пышақпен жасалған бұзақылық) 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс Жамбыл облысы ПД тергеу басқармасының өндірісіне қабылданды, жедел тергеу тобы құрылды. Жедел тергеу тобының жұмысын үйлестіру үшін аймаққа ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жіберілді", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, полиция жәбірленушінің адвокатының мәлімдемесіне жауап берді.
"Күдіктінің іс-әрекетін қайта саралау туралы мәселе тергеу әрекеттерінің нәтижесі және қадағалау органының келісімі бойынша қаралады. Сонымен қатар, адвокаттың өтініші бойынша жәбірленушіге полиция қызметкерлері қатарынан күзет қамтамасыз етілді. Тергеу барысы ҚР Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында", - деп жазылған хабарламада.