Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қостанайда 10 жастағы бала жоғалып кетті

AstanaTV
26.06.2017ж. 20:00
2802
Қостанайда 10 жастағы бала жоғалып кетті

Қостанайда екі тәуліктен бері 10 жастағы бала іздестіріліп жатыр. Қаладағы туысының  үйіне қонаққа келген Ришат Харикоғлы өткен сенбі күні із-түзсіз кеткен. Жоғалған жеткіншектің суреті әлеуметтік желілер мен жергілікті басылымдарға жарияланды. Ауыл баласын тез арада табуға полицейлермен қатар еріктілер де ат салысып жатыр.

Заңғар Санай, тілші:

Қарасу ауданы Октябрь ауылында тұратын Ришат Харикоғлы қаладағы туысының үйіне 3 апта бұрын келген көрінеді. 5-сынып оқушысы өткен сенбі күні шаһар шетіндегі  саяжайды мекендейтін нағашы апасына баруға сұранып кеткен. Содан бері қайтып оралмаған.

Гульсина Валеева, баланың анасы:

Баламды қала шетіндегі Киев кентінде футбол ойнап жүргенін көргендер бар. Сосын  осы «Жағат» дүкенінің маңындағы такси жүргізушілеріне келіп, бірдеңе сұрапты. Халыққа қызмет көрсету орталығында тағы бір қыз көріпті. Тамақ алуға 50 теңге сұрастырып жүрген дейді.

Жоғалған баланы полицейлермен қатар еріктілер тобы да іздестіріп жатыр. 80-ге жуығы баланы іздеуге кірісті. Олар екі тәулік бойы шаһарды шарлап, тұрғындарға  парақшалар  таратып жүр.

Ермек Аққошқаров, ерікті:

Мен қазір Тобыл жағалауына барайын деп тұрмын. Сол жақтан іздеп көремін. Болмаса өзім Затоболда тұрамын. Тансытарым бар. Дүкендерге хабарлаймын. Мүмкін, Затоболға кетіп қалған шығар, такси ұстап.

Маусымның 26 күні Ришаттың анасы «Солтүстік» ішкі істер  бөліміне арыз жазған. Полицейлер дереу  жедел топ құрылды - дейді. Баланы іздестіруге 50-ге тарта тәжірибелі  қызметкер тартылып отыр.

Қайрат Сейітмағамбетов, Қостанай облыстық ІІД  іздестіру бөлімшесінің бастығы:

Баланың жоғалуына байланысты іздестіру ісі қозғалды. Тиісті іздестіру шаралары жүргізілуде. Бүкіл қала бойынша, облыс бойынша іздестіріп жатырмыз. Бүкіл жерге бағыт-бағдарлар жіберілді.

Баланы іздеп жатқандардың бірнеше  болжамы бар. Біреулер оны алыстағы ауылына кетіп қалуы мүмкін дейді. Алайда, анасы Ришаттың рұқсатсыз ешқайда бармайтындығын айтады. Еріктілер мен туған-туыстары ауыл баласы аман болса, табылып қалар деп үміттенеді.

Заңғар САНАЙ