«Экологиялық жауапкершілік жай ғана мақсат емес, компания жұмысының негізгі қағидасы». «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліне қатысқан "Карачаганак Петролиум Оперейтинг" компаниясының бас директоры Марко Марсили осылай деді. Кәсіпорын қоршаған ортаны қорғауға ден қойған. Осы мақсатта 450 млн доллар жұмсаған.
Қоршаған ортаны қорғау - «Карачаганак Петролиеум Оперейтинг» компаниясы басымдық берген бағыттардың бірі. Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясына кәсіпорынның мыңнан астам қызметкері белсенді қатысуда. Соңғы жылдары олар бір жарым миллионнан астам көшет еккен. Кен орны мен санитарлық-қорғау аймағында тағы 350 мың ағаш отырғызу жоспарда бар. Қалдықтарды өңдеуге де ден қойылған.
МАРКО МАРСИЛИ, КПО БАС ДИРЕКТОРЫ:
Бізде қалдықтарды 80%-дан астам қайта өңдеуге мүмкіндік беретін экоорталық бар. Бұл біздің жұмыс істеп жатқан аймақта экологиялық ізімізді азайтуға көмектеседі. Біздің мақсатымыз – әрбір КПО қызметкері «Таза Қазақстан» бастамасын біліп, оны компания мен бүкіл елдің пайдасына қолдануы.
Метан – парникті газдардың ішінде ең қауіпті түрлерінің бірі. Компания метан шығындыларын азайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Былтыр ерікті түрде OGMP 2.0 халықаралық бағдарламасына қосылды. Бұл бағдарлама шығарындылардың барлық көздерін дәл есепке алуға және оларды азайту үшін шаралар әзірлеуге көмектеседі. Мақсат – 2026 жылға дейін алтын стандартқа жету.
МҰХТАР МАНКЕЕВ, КПО БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
OGMP - ол мұнай-газ бағытындағы жаңа бастама. Дүниежүзілік түрде. Қазақстанда КПО компаниясы ең белсенділердің бірі. Ол стандардты алудың өзі де, артында бірталай жұмыс тұр. Сол стандардтқа жеткен кезде халықаралық сертификат алып, метанның деңгейі бізде ең төмен деңгейде қалыптасты деген бағытқа жетеміз.
«Карачаганак Петролиеум Оперейтинг» қоршаған ортаны қорғауға шамамен 450 миллион АҚШ долларын инвестициялады. Компания алдағы уақытта да «жасыл экономика» және жаһандық климаттық жауапкершілік принциптеріне сай бастамаларды дамытуға ниетті.